Жаңалықтар

30 күн бойы 1700 теңгеге бір міскінді тамақтандырсаң, ораза ұстағанмен тең    

Карантин кезінде иммунитетті әлсіретіп алмау керек

Ораза туралы  онлай-брифингте Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай кеңінен тарқатып айтты. Бұл туралы Алматы әкімдігінің телеграм каналы хабарлады.

  «Дінімізде жолаушыға еліне жеткенше, науқасқа сырқатынан жазылғанша, жүкті немесе емізулі баласы бар әйелге босанып және баласын омыраудан ажыратқанша ораза ұстамау рұқсат етілген. Сол секілді карантин уақытында жұқпалы дертке шалдыққан адам ораза тұтса әлсіреп, иммунитеті төмендеп, жұқпалы дертінің асқыну қаупі байқалса, оған да уақытша ауыз бекітпеуге болады. Бірақ олар кейіннен тұтпаған оразасының қазасын өтеуі тиіс. Балиғат жасына жетпеген балаларға ораза міндетті емес. Ораза ұстауға шамасы келмейтін денсаулығы нашар қарт кісілерге, созылмалы ауруға душар болған тұлғаларға да ораза ұстамауына рұқсат. Дегенмен, мұндай кісілер сенімді дәрігерге жүгініп, ораза ұстауға байланысты кеңес алғаны дұрыс. Сосын ғана оразаны ұстау немесе ұстамауға қатысты шешім қабылдаса жөн болады», – деді бас имам.

Айтып өтсек, Рамазан айындағы ораза ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз етілген. 

Егер де оразаны мүлде ұстай алмайтын және кейін оның қазасын да еш өтей алмайтын жағдайдағы мұсылман болса, оразаның ақысын өтеуі үшін 30 күн бойы бір міскінді тамақтаныруы немесе сол көлемдегі ақшасын беруі керек. Бұл өтемді исламда «підия» деп атайды. 

 «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылға кісінің бір күндік тағамының ең төменгі бағасын шығара отырып підия мөлшерін 1700 теңге деп бекітті. Яғни, сәресінің ең төменгі бағасы 850 теңге, оған кешкі ауызашардың да ең төменгі бағасы 850 деп есептеліп, бір күндік тамақтың бағасы 1700 теңге деп бекітілген. Осыны отызға көбейтіп төлесе оразасының ақысы өтеледі», – деді Е. Шоқай. 

Ескерте кетейік, підия садақа тек ораза ұстауға және оның қарызын өтеуге мүлде жағдайы келмеген адамдарға шариғат бойынша жасалған жеңілдік. 

Брифинг кезінде қаланың бас имамы карантинге байланысты Рамазандағы тарауық намазы үйде оқылып, ауызашар да тек үйде өтетінін мәлімдеді. 

Ал 19 мамырдан 20 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.