Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандағы көктемгі егіс науқанының барысы және қаржыландыру жұмыстарының атқарылуы туралы» арнайы брифинг өтті. Брифингке министрлік өкілдері мен осы салаға қатысы бар корпорация басшылары қатысты. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, карантинге қарамастан республиканың жеті аймағында көктемгі егіс науқаны қарқынды түрде басталған.
Шаруалар енді блок-бекеттерден еш қиындықсыз өтетін болады
«Оңтүстік өңірлерде жаздық егіс алқабының 80 пайызына егін егілген. Жамбыл облысында 326 мың, Алматы облысында 239 мың, Түркістан облысында 230 мың, Қызылорда облысында 28 мың гектар жерге егіс жұмыстары жүруде. Өзге өңірлерде – Батыс Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарында да егін егу басталды. Өңірлер арзандатылған жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген. Техникадай сақадай-сай» дейді вице-министр.
Сондай-ақ ол фермерлердің блок-бекеттен кедергісіз өту мәселесі шешімін тапқанын да айтып өтті.
«Блок-бекеттерден өтуге байланысты фермерлерден, салалық қауымдастықтардан көптеген шағымдар келіп түсті. Сол үшін ауылшаруашылығы министрлігі шаруалардың жүріп-тұруының бірыңғай алгоритмін әзірледі. Ол мемлекеттік комиссияның 17 сәуір күнгі отырысында мақұлданды. Бұл алгоритм әкімдерге жеткізілді. 22 сәуір күні біздің ведомство ішкі істер министрлігі, денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе кеңес өткізді. Оған жергілікті атқарушы органдар да қатысты. Нәтижесінде блок-бекеттерде қағаз құжаттар да, электронды рұқсаттар да ескертілуі тиіс деген шешім қабылданды. Енді жергілікті жерлерде әкімдер шұғыл штабпен байланыса отырып, шаруалар жұмысына мән беруі керек. Олардың өкілдері күн сайын бекеттерде жұмыс істейді. Сондықтан фермерлер қиындыққа тап болса оны сол жерде шешу қажет» дейді министрлік өкілі.
Сонымен қатар Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша 100 млрд теңге бөлінгенін, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған бюджет қаражатының көлемі 10 млрд теңгеге ұлғайтылғанын да айтты.
Фермерлерге несие беру ережесіне қандай өзгеріс енгізілді?
«Былтыр 60 млрд болса, енді ол мөлшер 70 млрд теңгеге жетті. Несие бойынша пайыздық мөлшері 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Бір шаруаға арналған орташа чек – 30 млн теңгеге жуықтайды. Шаруалар ұсынатын құжат тізбесі қысқартылды: Заңды тұлғалар үшін 27-ден 13-ке, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер үшін 16-дан 12-ге дейін қысқартылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 2346 өнеркәсіп субъектісіне қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына 100 млрд теңге бөлінді. Несие алушылар үшін сыйақы мөлшері 6 пайыздан аспайды. Қаражат 12 айға бөліп беріледі. Бұрынғы ереже бойынша несиені жылдың аяғына дейін қайтаруы керек еді. Біз енді оны бір жылға созып отырмыз. Яғни, сәуір айында алса, келесі сәуір айына дейін төлеп құтылуы керек. Бұл шаруашылықтар үшін өте қолайлы. Бағдарлама қаражатын аграрлық несие корпорациясы және несие серіктестері арқылы алуға болады. Премьер-министр төрағалағымен өткен отырыста форвордтық сатып алу механизмі мақұлданды. Ол үшін бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді. Қаржыландыру алдын ала төлем арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, бір тонна бидай үшін алдын ала төлем – 50 млн теңге. Сосын күзге қарай нарыққа байланысты тағы да қосымша төлем есептеледі» деді ол.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бағлан Құлтаевтың айтуынша шаруалардың қаржыдан таршылық көретін жөні жоқ.
«Кең дала» бағдарламасы аясында біздің корпорация жыл сайын 3 млн гектар жерге егіс жұмыстарын жүргізуге қаржы бөледі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осы жылы жеңілдетілген несие беру көлемі көбейді (70 млрд теңге). Бұл 2346 ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші ұйымдарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. 32 жұмыс күнінің ішінде барлық қаражат тиісті фермерлердің қолына тиген. Шаруалар тек «Кең дала» бойынша ғана емес, «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес» бағдарламалары бойынша да жеңілдетілген несиелер ала алады. Қазір осы бағдарламалар негізінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 180 ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші мекеме 11 млрд теңге сомаға тапсырыс беріп үлгерді» дейді.
Бағлан Құлтаевтың айтуынша, қазір банктер қысқартылған уақыт режимінде, 16:00-ге дейін жұмыс істеуде. Сонымен қатар «Қазпочта» мекемесі де қассалық-есептік қызметтер көрсетеді. Шаруалар несие мәселесін сол мекемелерге барып реттесе болады.
Брифингке қатысқан «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Қарауылов форвордтық сатып алу механизмінің еліміздің қай өңірлерінде жүзеге асатынын атап өтті.
Ескертпе: форвордтық сатып алу – тауарларды көрсетілген уақыт ішінде сату мен сатып алу жөніндегі алдын-ала жасалатын келісім түрі. Бұл операция келісімшартқа қол қойылған сәттегі валюта курсы бойынша іске асырылады.
«Былтырғы жылдан байқағанымыз бұл бағдарламаға негізінен астық өндіруші – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары белсенді қатысады. Біз бұл қатарға Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары да қосылады деп сенеміз. Форвордтық сатып алуға қызығушылық танытқан кез-келген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші корпорация сайтында электронды түрде өтініш қалдырса болады. Бұл сатып алу операциясы аясында төрт өнім түрінің ғана сатылымы жүзеге аспақ. Олар – жұмсақ сортты бидай, арпа, қарақұмық және күнбағыс, зығыр, рапс майлары. Бұлар әлеуметтік маңызы бар тауарларды дайындау үшін бірінші кезектегі қажет шикізаттар болып саналады. Сондай-ақ сапасын бұзбай ұзақ мерзім сақталады» деді Қанат Қарауылов.
Фермер ғалымды, ал үкімет фермерді жарылқайды. Бұл қандай механизм?
Жиында айтылған тағы бір жаңалық – фермерлер мен ғалымдардың тізе қосып жұмыс істеуін заңдық тұрғыдан реттеу мәселесі.
«Дамыған елдерде ғылым тек қана бюджеттен қаржыландырылмайды. Көбіне тауар өндірушілері өздері ақша бөліп жатады. Былтыр қабылданған заң бойынша осы механизмді біз де енгізген едік. Егер фермер ғылыми-зерттеу жұмысы үшін өз қалтасынан ақша шығаратын болса, сол шығынның 80 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бұған фермерлер тарапынан қызығушылық артып отыр. Ғалымдарға да пайда» дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» басшысы Төлеутай Рахымбеков.
Сондай-ақ ол ұлттық орталық базасында наурыз айынан бері фермерлерге арналған онлайн жиын, тренинг, вебинарлардың тұрақты өткізіліп жатқанын да айтты. Сол уақыттан бері эфир барысында 62 мың көрермен қамтылған. Көбіне онлайн жиын сәрсенбі және жұма күндері 19:00-де көрсетіледі. Ол жерде шаруалар өздерін толғандырған барлық сауалына жауап алатын көрінеді. Орталық 30 маусымға дейін ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін онлайн кеңес беруді белсенді жүргізіп, үш ай ішінде 300 онлайн-консультация жүргізуді көздеп отыр.