Жаңалықтар

Қазақстанда тағы 9 жол ақылы болады

Олар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек

2020 жылдың соңына дейін еліміздің оңтүстік, батыс және солтүстік өңіріндегі  республикалық маңызы бар жолдардың бірқатар учаскелері ақылы болады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтыр «Computer Vision Technologies» ЖШС басқаратын  Консорциуммен 11 мың шақырым жолда төлем алу жүйесін орнату және күтіп ұстау жөніндегі келісімге қол қойылған. Жоба құны 138, 8 млрд теңгені құрайды.  

«Алғашқы учаскелер: Шымкент – Ташкент, Қапшағай – Талдықорған, Нұр-сұлтан – Павлодар, Павлодар – Омбы, Атырау – Ақтау, Бейнеу – Ақжігіт, Ақтөбе – Орал, Орал – Тасқала және Орал – Самара. Биыл біз барлық монтаждау жұмыстарын аяқтап, жыл соңында  сынақ режимде іске қосамыз», – деді ол.

Сондай-ақ, Әліпов қыстыгүні ақылы жолдарды қар басып, жүру мүмкін болмай қалатынына қатысты түсініктеме берді. 

«Әрине, проблема бар, әсіресе қыста солтүстік өңірлерде қиын. Қар жинайтын техника жетіспейді. Біз қазір бұл мәселелерді шешіп жатырмыз. Республикалық маңызы бар жолдарға «ҚазавтоДор» қызмет көрсетеді, ал ақылы жолдар қаңтардан бері біздің компанияға қарайды. Нұр-Сұлтан – Шортанды жолын қыста өз күшімізбен тазаладық, басқа учаскелерге қосымша техника жалдаймыз. Жиналатын қаражат тек қана жолды күтіп ұстауға кететіндіктен, жаңа техника сатып алуға қаржы тапшы. Алдағы қыста жолдың ашық болуын қамтамасыз етуге тырысамыз», – деп уәде берді басқарма төрағасы.

«Қазавтожол» төрағасының айтуынша, жол нашар тазаланса да, жол жүру ақысын алып тастауға болмайды, өйткені бұл қаражат жолды күтіп ұстауға жұмсалады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша,қазіргі кезде  Қазақстанда ұзындығы 682 шақырымды құрайтын ақылы 4 жол учаскесі бар. Ол: «Нұр-Сұлтан – Шортанды», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Теміртау – Қорғас», «Алматы – Қапшағай» жолы.

«Келісім аясында осы жылы реконструкциядан өткен ұзындығы 5,7 мың шақырымды құрайтын жолда төлем алу жүйесі енгізіледі деп жоспарлануда. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң, 2024 жылға дейін ақылы болады», – деп мәлімдеді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов.

20 сәуірдегі мәлімет бойынша, осы күнге дейін  ақылы жолдардан 1,1 млрд теңге  қаржы түскен.