Сәуірдің орта шенінен бастап еліміздің банк секторы жайлы ақпараттар арагідік жария етіле бастады. 15 сәуірде Tengri Bank-тің басына қара бұлт үйірілгені жайлы ақпарат пайда болды. Сол кезде банк өз клиенттері үшін шектеулер енгізетінін мәлімдеген еді.
Ақырында:
• Есепшот және картаға басқа банктерден аударым жасау көлемі тәулігіне 20 мың теңгеден артық емес дәрежеде шектелді;
• Beeline төлемдерін қабылдау тоқтатылды;
• Банк шоттарын пайдалана отыра шетелдік валютамен операция жасау тоқтатылды. 9 сәуірден бастап.
16 сәуір күні Қаржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары Олег Смоляков банкты банкрот емес деген еді:
«Банк уақытша қиындықтарды бастан кешіріп жатқандықтан есепшоттан ақша алуға қатысты лимит енгізді. Проблема көріп тұрғанымыз жоқ. Банк пен акционерлердің басты мақсаты – банкты үнемі қолдау. Банктың ірі акционері жоғары рейтингте, сол себепті олармен диалог жасап жатырмыз» дейді ол.
20 сәуір күні Moody’s агенттігі банктың депозиттік рейтингін В2 деңгейінен (орташа тәуекел) Саа3 (өте жоғары тәуекел деңгейі) деңгейіне дейін төмендеткен.
Телеграмдағы @Tengenomika каналы бұл банктің қазірдің өзінде дефолт жағдайына жеткенін айтады. «Былтыр қараша айында @risktakerskz өзі жасаған рейтингте аталған қаржылық институтты «С» деңгейінде, яғни – дефолт алдындағы немесе банкрот алдындағы ұйым» деп жариялаған еді. Сондай-ақ @financekaz каналы да бір апта бұрын «түпкі тегі «үнділерге» барып тірелетін аталған банктің міндеттемелері жеке капиталынан 5 есеге асып түскенін» мәлімдеген» деп жазады автор. @risktakerskz қазақстандық банктер рейтингін жасау үшін негізінен:
• Капитал көрсеткішіне;
• Өтімділік көрсеткішіне;
• Қарыз портфелінің сапасы, оның ішінде NPL деңгейіне;
• Депозиттік портфель құрылымына;
• Активтердің өсіміне;
• Қаржылық есептердің сапасына ерекше мән берген. Әрине, басқа да банк секторына қатысты деректерді түгел сараптаған.
Бұл орайда рейтингті сараптаушылар ашық дерек көзіндегі мәліметтерге ғана сүйенгенін, инсайдерлік ақпараттарды пайдаланбағанын айтады. Сонда аңғарылғаны – екінші деңгейлі банктер активтерінің 11 пайызы, яғни, 3 триллион теңгенің сапасы жөнінде жеткілікті ақпарат таба алмаған. Осы рейтингте сарапшылар Tengri Bank-ті «депозиттік портфелде жеке тұлғалар үлесі төмен», «активтер өсімі жоғары», «қаржылық есептері сапасыз дайындалған», «капитал жеткіліктілігі орташа деңгейден төмен» деп сипаттайды.
S&P (кредиттік рейтинг) рейтингінде банк «В» деңгейінде деп көрсетілген. Бұл оның сенімділік тұрғысынан орташа деңгейде екенін білдіреді. Экономист Андрей Чеботаревтің айтуынша, банк міндеттемесінің өзі 98 млрд теңгеге таяп қалған.
«ҚР ҰБ дерегіне сүйенсек, Tengri Bank міндеттемелері 97,9 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері 27,5 млрд теңге, ал заңды тұлғалардыкі – 37,6 млрд теңге. Бұл ретте баланс бойынша өзіндік капитал 20,4 млрд теңгеге бағаланып отыр. 20 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда екі банк толықтай шығынға ұшыраған. Олар – Tengri Bank және AsiaCreditBank. Алғашқысы 2,3 млрд, соңғысы 399 млн теңге шығынға тап болған. Әлеуметтік желілерде банктің ресми аккаунттарына жолданып жатқан шағымдарға банк өкілдері тек стандартты хатпен жауап беруде. 6 сәуірде банктің директорлар кеңесі өзгеріп, өз өтінішімен Ловлин Малхотра Кумар кеңес құрамынан шығып кеткен» дейді маман.
12 сәуір күні Facebook желісінде Арман Төлекпаев есімді қолданушы мынандай пікір қалдырыпты:
«Құрметті, Тенгри Банк, біз жұмыс істеп тұрған ЖШС бір апта бойы келісімшарт бойынша төлем жасай алмай отырмыз. Картаға жасаған аударымдарды кері қайтара береді. Сіздердің кесірлеріңізден қаншама проблема мен шығынға ұшырадық. Сіздің хатыңыздан түсінгенім қарапайым қазақстандық бизнесмендер Үндістан үкіметінің шешімін күтуі керек екен. Нағыз абсурд… Біз сіздерден (Үндістаннан да) ештеңе сұраған жоқпыз. Тек бір ғана нәрсе – төтенше жағдай кезінде қазіргі күйімізді сақтап қалу үшін ақша аударымын жүзеге асыру. Жұмыс істей алмасаңыздар клиенттерге ескертіп, қызметтеріңізді тоқтатыңыздар» деп жазады ол.
Роман Миразимовтың айтуынша, банк 10 сәуір күні ешқандай ескертусіз салымшысының төлемдерін бұғаттап тастаған. Содан бері аталған банк клиенттері банкомат арқылы да, мобилді қосымша арқылы да ақша шеше алмай пұшайман күйге түскен. Әлеуметтік желіде мұндай шағымдар толып жүр.
Ал банктің өзі ресми сайтында халықаралық рейтингтегі дәрежесіне орай шағын мәлімдеме жасаған.
«Рейтингтің төмендеуіне қарамастан, Банк жағдайды тұрақтандыру жұмыстарын жалғастыруда. Банк әлемдік қаржы нарығындағы қалыптасқан жағдайға байланысты шектеулі режимде жұмыс істейді, бұл белгілі бір дәрежеде Банктің клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін орындауына әсер етуде. «Tengri Bank» АҚ елдегі төтенше жағдай кезінде өз қызметін жүзеге асыруда және осы мәселелерді реттеушімен және акционерлермен, оның ішінде негізгі акционер – Punjab National Bank-пен талқылауды қоса алғанда, өтімділікке байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда» делінген хабарламада.
22 сәуір күні аржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігі банкке қатысты жағдайға орай пікір білдірді.
«Клиенттік төлемдердің жиналып қалуына, банктің өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындамауына байланысты агенттік банк әрекетіне орай тексеріс жүргізетін болады. Қазақстанның банктік заңнамасына сәйкес банктердің қаржылық тұрақтылығын сақтау бойынша міндеттемелер банктің ірі акционерлеріне жүктелген» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ал Tengri Bank-тің басты акционері – ірі банктік және қаржылық қызметтер көрсетуші Punjab National Bank. Бұл банк қазақстандық банктің 41,64 пайыз акциясына ие. Сол себепті де Tengri Bank басқарма кеңесінің төрағасы – Паван Сингх есімді азамат.
Мемлекет тағайындаған 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақыны алу бойынша тұрғындар негізінен Kaspi Bank қызметін таңдаған. 1 955 827 адам осы банк арқылы жәрдемақыны иеленіпті. Үштікте Халық банк пен Қазпочта бар. Сондай-ақ жәрдемақы таратуда Сбербанк, Банк Центр Кредит, Еуразиялық банк, АТФ Банк, Альфа Банк және Jysan Bank белсенді рөл атқарған. Алайда бұл тізімнен Tengri Bank-ті көре алмадық.
Соңғы деректер бойынша Tengri Bank акционерлеріне банк капиталын көтеру үшін 30 сәуірге дейін уақыт берілген.
Жақында отандық телеарнадағы «Портрет недели» бағдарламасына сұхбат берген Президент әкімшілігі жетекшісінің әлеуметтік-экономикалық сала бойынша орынбасары Тимур Сүлейменов «мемлекеттің банк секторына бюджеттік көмек жасамайтынын» айтыпты. Ол «Қазақстанның банк жүйесіндегі жағдай тұрақты. Қаржылық институттар қызмет көрсету үшін жеткілікті капиталға ие» деп мәлімдеген.