«Бұл сынақ маған да, дәрігерлерге де оңай болған жоқ»

Жарияланды
Коронавирустан жазылып шыққан павлодарлық өз оқиғасымен бөлісті

Бақтияр Павлодардан жалақысы жоғары жұмыс таппаған соң, осыдан біраз уақыт бұрын Нұр-Сұлтан қаласына аттанған еді. Бас қаладағы құрылыс компанияларының біріне жұмысқа орналасты. Сол құрылыс алаңдарында әріптестірінің бірінен COVID-19 вирусын жұқтырып алған көрінеді. 

«Мен 18 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан шығып, 19-ы күні түнде Павлодарға жеттім. Бірнеше күннен соң жұмыс орнымнан хабарласып, әріптестерімнің бірінен вирус анықталғанын айтты. «Сен онымен байланыста болғандықтан, саған да хабарласып, тиісті талдамаларды алады» деп ескертті», – дейді Бақтияр. 

Сөйтіп оның талдамалары оң нәтиже көрсетіп, 27 наурызда облыс орталығындағы инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Бұл Павлодар облысында коронавирус анықталған алғашқы жағдай еді. 

«Шыны керек, алдымен өзімді емес, Нұр-Сұлтаннан келгелі кездескен, сөйлескен адамдардың жағдайына алаңдадым. «Оларға жұқтырып алсам қайттім?» деген қорқыныш болды. Әйтеуір, олардың ешқайсысынан вирус анықталған жоқ. Содан соң ғана көңілім жайланды. Ал өзім өліп кетемін-ау деген қорқыныш болмапты. Тек медициналық қызметкерлердің барлығы бастан-аяқ қорғаныс киімдерін киіп кіргеннен бұл індеттің қаншалықты қауіпті екенін түсіндім»,  дейді ол.

Ауруханада жатқан екі апта аралығында дәрігерлер науқасты дәрі-дәрмекпен емдеді. Қатарынан екі күн: 8, 9 сәуірде кезекті талдама алынып, нәтижесі Бақтиярдың ағзасында вирустың жоғын көрсетті. Сондықтан екі апта үй карантиніне жіберді. Жергілікті дәрігерлер уақытылы температурасын тексеріп, Бақтиярдың жағдайын бақылауда ұстады. Бүгінде үй карантинінің де мерзімі аяқталды. 

«Қауіпті дертпен күресіп, жеңіп шыққан адам ретінде айтарым – дәрігерлердің талаптарын қатаң сақтап, үйден шықпаңыздар! Бұл сынақ маған да, дәрігерлерге де оңай болған жоқ. Себебі, бұған дейін біздің облыста бұл вирусқа шалдыққандар болмады. Медицина қызметкерлерінің барлығы бірдей жанын салып, аянбай еңбек етті. Ақ халаттылардың арқасында аман қалдым. Сол үшін оларға айтар алғысым шексіз», – дейді Бақтияр. 

Өкінішке қарай, ол коронавирусқа байланысты жұмысынан да, тұрақты табысынан айырылды. Соған қарамастан, сынаққа сынған жоқ. Басты тілегі – қауіпті дерттің таралуы тоқтап, вирус жұқтырғандардың емделіп шығуы. «Ден сау болса, жұмыс табылады. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» дейді павлодарлық. 

Айта кетелік, Бақтияр – Павлодар облысында коронавирустан емделіп шыққан әзірге жалғыз адам. Соңғы деректер бойынша, аймақта 88 адам індетті жұқтырды. Ал бір тұрғын қайтыс болды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз