Карантинге қарамастан көлік сатып жатыр. Автонарықтың ахуалы қалай?
Елімізде жарияланған төтенше жағдай, қалаларда енгізілген карантинге байланысты қоғам мен экономиканың барлық тетігі қазір қозғалыссыз тұр. Негізінен онлайн жеткізу қызметі сияқты жекелеген сауда-саттық түрінің ғана жұмыс істеп тұрғанын бұған дейін айтып өткенбіз. Ал базар, сауда орындарының есігіне әлдеқашан құлып салынған. Соған қарамастан көлік нарығындағы сауда қызып тұрған сыңайлы.
Отандық автоәуесқойлардың барлығы дерлік кіріп, қарайтын koleso.kz сайтында сатылымға шығарылған жаңа көліктер дерегі күн сайын тіркелуде. Соған қарап, көлігін сатып, жаңасын алғысы келетіндер бұл мақсатын карантинде де іске асырғысы келгенін аңдаймыз.
Аталған ресурс төтенше жағдай кезінде арнайы қадамдарды іске қосыпты. Карантинге байланысты азаматтардың өзі қалаған көлікті барып, көре алмайтыны белгілі. Сол себепті, енді адамдар өз көлігін видеоға түсіріп, оны сайт редакциясына жолдай алады екен. «Күн сайын адамдар бір-біріне 200 мың хабарлама жібереді. Ал видеода олар көліктің шанағын, салонын, моторын, дөңгелектерін көре алады» деп жазыпты ұйымдастырушылар.
Жалпы, сайтта қазіргі таңда 410 092 хабарландыру бар болса, соның 60 679-ы кеше, 24 сәуірде, яғни, бір күннің ішінде берілген. Хабарландыру берушілердің бірнешеуіне хабарласып, карантиндегі сауданың жай-жапсарын аңдап көрдік. Солардың бірі – Алматы қаласындағы Алатау ықшам ауданының тұрғыны Алексей Олегович. Ол сайтта 1994 жылғы Nissan Mistral автокөлігін саудалайтынын айтыпты. Автомобиль бағасы ретінде 1 700 000 теңге бекітілген. Мұндай көліктердің нарықтағы бағасы – 1 500 000 теңге. Демек Алексейдің машинасы 13,33 пайызға қымбат деген сөз.
«Көлігімді арнайылап карантин кезінде сатайын деген ой болмады. Орайы осы уақытқа сәйкес кеп қалды. Клиент таппай қаламын деген қорқыныш болған жоқ. Бүгін негізі бұл хабарламаны екінші қайтара жариялап отырмын. Осыған дейін де сайтта тұрған. Сол кезде де адамдар қоңырау шалып, келіп көріп жатты. Ондай кезде біз міндетті түрде медициналық талаптарды қатаң сақтаймыз. Бүгін де адамдар келді. Егер сатып алатын адам табылып жатса онда көлікті нотариус арқылы рәсімдейміз. Не болмаса онлайн реттейміз. Көлік бағасына келетін болсақ, карантин әсер етті дей алмаймын. Техникалық жағдайы қалыпты деңгейде болған соң осы бағаны қойдым. Өзім азық-түлікпен қамтамасыз ету саласында жұмыс істеймін. Жеке кәсіпкермін»,- дейді Алексей.
Ал Қарасай ауданы, Шамалған станциясында тұратын Жарас Оразәлиев есімді азамат 1996 жылғы Nissan Cefiro автокөлігін 1 350 000 теңге деп бағалаған. Бұл нарықтағы орташа бағадан (1 536 000) 12,11 пайызға арзан екен. Карантинге байланысты табысымнан айырылдым. Сол себепті көлігімді сатуға мәжбүрмін дейді Жарас.
«Хабарламаны жариялағалы белі хабарласып жатқандар бар. Бірақ көбі арзан сұрап жатыр. Көліктің біраз жөндеу керек жері бар. Сондықтан өзім де арзандау қойып отырмын. Негізгі жұмыс орным – автобус паркі. Бірақ Алматы карантинге жабылғандықтан, ол жаққа қатынай алмай қалдық. Табысымыз тоқтады. Өзім отбасылымын, бала-шағам бар. Енді көлікті сатып, соның ақшасына өмір сүру керек болып тұр. Реті келсе күзге таман басқа көлік алсам ба деймін»,- дейді Жарас.
Соңғы екі ай көлемінде көлігін сатуға қатты талпынғандардың бірі – Нұрлан есімді Алматы облысының тұрғыны.
«2005 жылғы Hyundai Accent маркалы көлігімді былтыр шілде айында сатып алған едім. Үнемді, жақсы машина. Бірақ балаларымыз көп болғандықтан кішігірім көлікке сыймай жүрміз. Сол себепті, наурыз айында сатылымға шығарғанмын. Бірақ өтпей біраз тұрып қалды. Ал адамдар белсенді хабарласа бастаған кезде карантин басталып қалды. Соған қарамастан сатып жіберуге болушы еді, бірақ өзім іркіліп қалдым. Карантин күшейіп кетсе басқа көлік алу қиындап қалар деп ойладым. Расында солай болып шықты. Өйткені біз облыста тұрғандықтан қалаға кіру мүмкін емес. Қазір көлік жөндейтін орындар да жабық. Машинамның бұзылған ақауларын өзім немесе достарыммен бірігіп жөндеп айдап жүрмін. Карантин біте салысымен бірден сатуға шығарамын. Бірақ көлік бағалары арзандап кете ме, басқа тәуірлеу көлік алуға қаржым жетпей қала ма деген қорқыныш та бар» дейді Нұрлан.
Еске сала кетсек, карантинге байланысты еліміздің басты қалаларында автосалон, техникалық қызмет көрсету станциялары, автобөлшектер дүкендерінің есігіне құлып салынғаны белгілі. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 27 сәуірден бастап автосалон, ТЖО, көлік жуу, шиномонтаж сервисі, автобөлшек дүкені, химиялық тазалау, кеңсе техникаларын жөндеу сервисі қайтадан жұмыстарын бастауы мүмкін. Бұл туралы шаһар әкімдіктері хабарлаған болатын. Ережеде бекітілгендей көлікке қызмет көрсету мекемелері таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Еске салайық, 1 сәуірден бастап осы салада еңбек ететін мекемелердің салықтан босатылғаны белгілі. Ел үкіметінің қаулысына сәйкес:
• Автокөліктерді не жеңіл көліктерді бөлшек саудалау;
• Автокөлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету;
• Автокөлік бөлшектерін, тораптарын және жабдықтарын бөлшек саудалау;
• Жүк көлігі және көшу кезінде көмек берумен айналысатын бірқатар кәсіпорындар ен компаниялар
жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы төлемдері, әлеуметтік аударымдар, сонымен қатар міндетті медициналық сақтандыру үшін жасалатын төлемдерден босатылды. Карантиндік каникул шағын және орта бизнес үшін – 1 қазан, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 1 тамызға дейін күшінде.
Сондай-ақ елімізде бензинге деген сұраныс күрт төмендеген еді. «ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша, мұнай өңдеу зауыттарына түсетін өтініш динамикасына қарағанда сәуір айында бензин мен дизелді отынға деген сұраныс 40 пайызға дейін азайып кеткен.