Жаңалықтар

Қазақстанда карантин режимі жеңілдетілді

Аулаға шығып, саяжайға баруға рұқсат беріледі

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша карантин режимін жеңілдетуді қарастырды. Жұмысын қайта бастайтын кәсіпорындардың тізімі мен мерзімі бекітілді, деп хабарлайды ҚР  үкімет басшысының ресми сайты

Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында Мемлекеттік комиссияның бірқатар шешімдерді қабылдағанын атап өтті: 

1. Барлық өңірлерде 2020 жылғы 27 сәуірден, ал Шымкент қаласында биылғы 1 мамырдан бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаумен жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекітілді: 

-өнеркәсіптік кәсіпорындар;

-құрылыс және жол құрылысы салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері;

-көлік, қоймалау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік, автокөліктерге қызмет көрсету салаларындағы ұйымдар және қызмет көрсету саласының кейбір түрлері; 

-банктер мен қаржы секторының ұйымдары.

Бұдан өзге, ІІ кезең аясында Нұр-Сұлтан қаласында төмендегілердің жұмысы қайта жанданады:

  • қаржы және сақтандыру секторларының ұйымдары;
  • электрлік тұрмыстық техника, сонымен қатар саяжай маусымына арналған тауарлар сататын ірі дүкендер.

Алматыда мына салалардағы компаниялар жұмысын қайта бастайды:

-көлік және қоймалау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары;

-қаржы және сақтандыру секторлары;

-сервистік қызмет көрсету салалары (ТҚС, дөңгелек ауыстыру, тұрмыстық және кеңсе техникаларын жөндеу).

2. Облыстардың, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне биылғы 27 сәуірден бастап өңірлік штабтар әзірлеген ережелерге сәйкес аула алаңдары мен саяжай алқаптарының халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.

3. 2020 жылғы 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе қатынасын қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Бастапқы кезеңде ұшу жиілігі күніне 4 рейсті құрайды. Рейстер күшейтілген санитарлық талаптарды сақтап, аз жолаушылармен және салонда ерекше қашықтықты сақтау арқылы жүзеге асырылады.

«Әкімдерге қоғамдық орындарды, өнеркәсіптік аумақтарды, әуежайлар мен балалардың ауладағы ойын алаңдарын сапалы түрде санитарлық өңдеуге, жалпы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, оған бақылау орнатуға ерекше көңіл бөлуді тапсырамын», — деді А. Мамин.  

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар қазақстандықтарды шет елдерден елге жеткізу, ХҚКО-лар жұмысының жаңа форматын енгізу және т. б. мәселелерді қарастырды.