Халық жаппай доллар сатып алуға кіріскен. Бұл ненің нышаны?
Ұлттық банк мәліметінше, қазақстандықтар наурыз айында белсенді түрде доллар сатып алған. Өткен айда теңгесін АҚШ валютасына айырбастағандар саны 2,6 есеге көбейіпті. Наурызда сату және сатып алудың жалпы мөлшері – 433 млн АҚШ долларын құраған. Бұл дегеніңіз ақпан айына қарағанда 2,9, ал 2019 жылдың наурыз айына қарағанда 2,1 есеге көп деген сөз. Мұның соңы неге әкеліп соқтыруы мүмкін?
«Халық теңгеден бас тарту арқылы өзіне бірнеше проблема тауып алады. Мемлекет сырттан тауар сатып алатын болғандықтан импорттық тауарлар автоматты түрде қымбаттайды. Екіншісі, теңге құнсыздана бастаса болды Ұлттық Банк базалық пайыздық мөлшерлемені өсіреді. Бұл банк несиесін де қымбаттай түседі» дейді сарапшы, қаржыгер Жасұлан Күшебаев.
Карантиннің күшеюі доллар сатылымын тоқтатты
Әзірге долларды жиі айырбастаушылар көшін Алматы қаласы бастап тұр. Олардың сату және сатып алу көрсеткіші – 63,9 млрд теңге. Одан кейін Шымкент (15,1 млрд теңге) пен Нұр-Сұлтан (12,1 млрд теңге) қалалары орныққан.
Еске салсақ, 6-19 наурыз аралығында 1 доллар 66 теңгеге дейін қымбаттап, 448 теңге межесіне жеткен болатын. Тек сәуір айының бас кезінен бастап теңгенің беті бері қарады. Ұлттық валюта сәл де болса нығайып, 443 теңге болды. Соған қарамастан еліміздегі айырбастау бекеттері долларды әлі де болса негізгі бағадан қымбатқа саудалап жатыр. Кей жерлерде теңге бағамы 475 теңгемен саудаланған.
«Әрине, долларды дәл бұлай жаппай сатып алу бірінші кезекте теңге тұрақсыздығына байланыстың халық пен бизнес өкілдерінің ұлттық валютаға деген сенімінің азаюынан туындап отыр. Бірақ наурыз айындағы деңгей (433 млн доллар) бәрібір былтырғы көрсеткішке жеткен жоқ. Былтыр маусым айында сату және сатып алудың ең жоғарғы деңгейі – 1 млрд долларды құрап еді. Кей айларда көрсеткіш азайды, десе де 500 млн долларлық межеге жиі-жиі жуықтап отырды. Наурыз айындағы осындай қарқынды белсенділік айдың екінші жартысында күрт кеміді. Бұл бірінші кезекте, карантин режимінің күшейтіліп, соған байланысты доллар сатып алуды тоқтатумен байланысты болды. Ал сәуір айы негізінен тыныш өтті. Өйткені карантин режимі күшейіп, бірқатар кәсіпорын, мекемелер жұмыс істеген жоқ. Соған байланысты біз бұл айдың статистикасынан ең төменгі сату және сатып алу жағдайын байқайтын сияқтымыз» дейді экономист Олжас Төлеуов.
Ұлттық банктің хабарлауынша, 25-27 сәуір аралығында доллардың ресми курсы – 430,99 теңге болып бекітілген. Осыған дейін Халықаралық валюта қоры коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанның жалпы ішкі өнім көрсеткіші (ЖІӨ) 2,5 пайызға дейін төмендейтінін болжаған еді. Халықаралық валюта қоры жалпы Орта Азияда жағдайдың мәз еместігін айтыпты. Ал экономика министрі Руслан Дәленов аз уақыт бұрын қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші 2,7 пайыз болғанын жария еткен.
Мұнай қымбаттамай, теңге нығаймайды
Сарапшылардың айтуынша, пандемия өршігелі бері Қазақстанда мұнай өндірісі, газ және пайдалы қазбалар саласы өте көп зардап шегіп, шығынға ұшыраған. Соған байланысты эксперттер валюта курсын Ұлттық банк қадағалауы керек деген ой айтуда.
«Ұлттық Банк тарапынан жасалатын қадағалаулар – «шаш ал десе бас алатын» түрде өтіп жатыр. Ақшаны айырбастау бекеттері түнде жұмыс істемейді: доллар сатып алу мен сатуды шектеп тастайды дегендей. Теңгені конвертациялауды қиындатып жіберді. Адамдар өз ақшасын долларға ауыстырмасын деп кедергі келтіретін қадамдар жасайды. Бірақ бұл өте қауіпті іс-шара деп ойлаймын. Себебі, ақшаның курсына оның еркін конвертациялана алатын қабілеті де әсер етеді. Сіз егер ақшаңызды басқа валюта еркін ауыстыра алатын болсаңыз, ақшаңыздың құны жоғары деген сөз. Сондықтан ҰБ долларға тыйым салғаннан гөрі адамдарды теңгені көбірек пайдалануға ынталатындарын әрекеттер жасауы керек» дейді сарапшы.
Теңгені пайдалану тиімді екенін дәлелдеу үшін не істеу қажет? Соның бір жолы ретінде эксперт мынадай амал ұсынады.
«Депозит қазір теңгемен 11 пайыз, ал доллармен 1 пайыз мөлшерінде. Бұл да жақсы. Алайда біздің азаматтар өз ақшасын депозитте неліктен теңгемен ұстамайды? Өйткені кез-келген сәтте теңге құлдырап кетуі мүмкін. Сөйтіп, жыл бойы жинаған 11 пайызымыз бір күнде жоқ болып кетуі ықтимал. Сондықтан ҰБ «сіздің депозитте жинаған ақшаңыз девальвация әсерінен 20 немесе 30 пайызға құлдыраса онда біз сізге өтемақы (компенсация) жасап, жиған ақшаңызды қайтарып береміз» деу керек. Сонда азаматтардың сенімі оянады. Ақшасын теңге күйінде ұстайды» дейді Жасұлан.
Сарапшының айтуынша, ҰБ наурыз айында теңге курсын ұстап тұру үшін 1 млрд 487 миллион долларды жағып жіберген.
«Соңғы бес жылда дәл мұндай көлемде ақша жұмсалмаған. Бұл интервенция алда теңгеге қатысты ауыр кезеңдер күтіп тұрғанын және интервенция арқылы сол ауыр кезеңдерге бару уақытын сәл де болса созғанын аңғартады. Демек, теңгенің реалды курсы қазіргі ресми курстан әлдеқайда құнсыз деген сөз» дейді эксперт.
Ал отандық Atameken Business арнасына берген сұхбатында ресейлік экономист Михаил Крутихин жақын арада жақсы жаңалық күтпейтінін айтады.
«Ресейде рублдің, Қазақстанда теңгенің құлдырауы жақын арада тұтынушылық бағалардың шарықтап кететінін аңғартады. Ал ОПЕК+ елдерінің келісімшарты нарықтағы тепе-теңдікке жеткізе қоймайды» дейді ол.
Крутихин шетелдік басылымға берген сұхбатында да Ресей мұнайының нарықта сұранысқа ие болудан қалғанын, енді соны тек мойындау қажет екенін айтады.
«Ресей мұнайы табыс әкелуді тоқтатты. Жалпы, пандемия аяқталмайынша жағдайдың оңалар түрі байқалмайды. Тіпті вакцина ойлап тауып, оны қолданысқа енгізді дегеннің өзінде оған бір жылдан кем уақыт кетпейді. Дәл қазір әлемдік экономика рецессия немесе стагнация жағдайында тұр. Энергия тасымалдаушыларға деген сұраныс өсті. Қытай пандемияны жеңдік, өндіріс және электр энергиясын тұтыну қалпына келіп жатыр деп мәлімдеді. Алайда әңгіме барлық қуаттың тек 75 пайызы жайында ғана болып отыр. Бейжің мұнай импортын арттырды, бірақ экономика талап етіп тұрғандықтан емес, стратегиялық мұнай сақтау қоймаларын толтыру үшін ғана. Сондықтан әлем вирустан құтылған күннің өзінде екі жылсыз нарықтағы жағдай реттелмейді. Сол себепті, баға осылай қысым жағдайында қала береді. Ресей бюджетті мұнай бағасы барреліне 42,45 доллар болғанға лайықталып есептелген. Жетпеген ақшаны Ұлттық әл-ауқат қорынан (ФНБ) алатыны сөзсіз. Бастапқыда қаржы министрлігі қордағы запас 6 жылға жетеді деді. Сосын 4 жыл деп айтты. Жақында ұлттық қордан 45 пайыз ақшаны шығарды. Енді қалғанын екі жылға жетер-жетпес уақытта тауысуы мүмкін. Әрине, алтын валюта қоры бар, бірақ оған байланысты үкіметтің қандай жоспары бар екенін білмейміз. Қазіргі Ресей экономикасы тек шикізатқа негізделген, сол себепті де жағдай шиеленісуде» дейді сарапшы.
Еске салайық, елімізде карантин күшейтілгелі бері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында валюта айырбастау бекеттері жабылды. Ал банк бөлімшелеріндегі бекеттер жұмыс істеп тұр. Қазақстандық банктер қазіргі таңда таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін жұмыс істеуде.
Осыдан екі күн бұрынғы көрсеткішке сүйенсек, Brent мұнайының бағасы қайтадан 5 пайызға қымбаттап, барреліне 22,59 долларға жеткен. Еске салсақ, осының алдында ғана Brent бағасы 1999 жылғы межеге бір-ақ төмендеп, баррелі 16 доллардан саудаланған еді.