«С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ жылына 30 000 компьютер өндіре алады. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram желісі хабарлады.
2019 жылы қараша айында «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ қызметкерлері қытайлық серіктестері – GreatWall LTD компаниясымен бірлесіп, заманауи ультрабуктардың 50 сынама үлгісін және 50 дербес компьютер шығарды. 3 айдан кейін зауыттың өзінде дербес компьютерлерді құрастыру бойынша оқыту жұмыстары өтті.
Компьютерлік техниканы өндіру үшін дәлдігі 5-сыныпты көп қабатты баспа платаларын өндіретін қазіргі заманғы желілер, SMD-элементтерді үстіңгі монтаждау желісі және конвейерлік құрастыру желісі негіз болды.
Қазіргі уақытта компьютерлік техниканы өндіруге арналған жиынтықтауыштарды қытайлық серіктестері жеткізеді.
Зауыттың көп қабатты баспа платаларын дайындау және SMD-элементтерді үстіңгі монтаждау желісі компьютерлер құрамында пайдаланылатын жүйелік платаны (аналық плата) өндіруді игеруге мүмкіндік береді.