Қазақстан 2020 жылға дейін көтерме-тарату орталықтары кешенін (КТО)— ұлттық тауар өткізу желісін құрмақ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынатын желі жылына 4,8 млн тонна өнімді сақтап, жеткізуге мүмкіндік береді. Осы желіні құру арқылы Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне өтеді. Ал дәл қазір жеміс-жидектің бестен бір бөлігі қоймада шіріп кетеді деп мәлімдеді үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
«Жобаны іске асырудың жалпы құны 237,5 млрд. теңгені құрайды. Құрылысқа отандық және шетелдік құрылыс компаниялары тартылады. Жалпы алғанда, 2022 жылға қарай көлемі жылына 4,8 млн. тонна қуатты құрайтын тетікті әзірлеп ұсынамыз», – деді министр.
Тауар өткізу жүйесін құру шамамен 10,5 мың, оның ішінде құрылыс кезеңіне 4,2 мың, объектілерді пайдалануға 6,3 мың маман тартуға және жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бірінші кезеңде ауыл шаруашылық тауарларын сақтауға бағдарланған 5 көтерме-тарату орталығы Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында салынады.
«600 мың тонна азық-түлік сыятын орталықтарда биыл күзгі жиын-терімнің өнімін сақтап қойсақ деп жоспарлап отырмыз. Бюджеттік механимнің қолданылу себебі де осы», – деді Б.Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республикада көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70%-ті құрайды, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 90%-ке жетеді.
Бұл өз кезегінде өнім шығынына және оны ұзақ сақтау мүмкіндігінің болмауына әкеп соғады. Мәселен, көкөніс пен жемістің шығыны 19%-ті, ет пен сүт өнімдерінің шығыны 5%-ті құрайды. Кәсіпкердің барлық шығыны өнімнің түпкілікті құнына әсерін тигізеді.
Сауда инфрақұрылымына келер болсақ, бүгінде елімізде 750 сауда базары бар, оның 51 пайызы стационарлық емес. Оған қоса, олардың бірде біреуі заман талабына сай келмейді. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманға сай жүк түсіру (қазір оны «кросс-док» деп атайды) және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді.
«Қазіргі базарларда тауар айналымын бақылап отыратын ақпараттық жүйе жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы ұзақмерзімді азық-түлік сақтау үшін сапалы инфрақұрылымның жетіспеушілігімен сипатталады. Ол ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығындарын арттырады. Екіншіден, сауда-логистикалық инфрақұрылым нысандарының бір-бірімен дұрыс үйлеспеуі, тұтынушыға тауардың жету жолын қиындатады. Сауда өнімінің ескі форматы бағаны тұрақтандыруға жол бермейді. Осымен бірге көлік-логистикалық жүйенің қымбаттылығы мен төмен тиімділігі транзиттік мүмкіншіліктер мен экспорттық әлеуетті толық ашуға қиындатады», -деді министр.