Мемлекет көмек беретін 361 кәсіпорынның «тізімі» қоғамның наразылығын тудырды. Неліктен?
24 сәуір күні Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жүйе құрушы кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жайында баяндаған еді. Министрдің айтуынша, тізімге құрылыс, көлік, энергетика, жылжымайтын мүлікті жалға алу, тау-кен өндірісі, сауда және өңдеу өнеркәсібі саласындағы 361 компания енеді.
Алдымен мемлекеттік қолдау деп аталатын көмекке қандай игіліктер кіретінін айта кетейік. Мемлекет 361 кәсіпорынға:
• Несиелер бойынша кепілдіктер ұсыну;
• Жеңілдікті өтімділікке қол жеткізу;
• Салық төлеуді кейінге шегеру;
• Қосымша құн салығын қайтару процесін жеңілдету әрі жеделдету;
• Барлық рұқсат беру құжаттары мен мемлекеттік қызметтер ұсынуды жеделдету шаралары қарастырылмақ.
«Жүйе құрушы кәсіпорындардың ыңғайласпа міндеттері жалақы төленетін жұмыс орындарын сақтау, отандық өндірушілердің тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алу (болған жағдайда), қолданыстағы келісімшарттар аясында уақытылы төлемдерді қамтамасыз ету, ақпаратты ашу, 2019-2020 жылдар үшін топ-менеджментке дивидендтік төлемдер мен бонустарды алып тастау болады» деп көрсетілген ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында.
Мемлекет 300-ден астам маңызды кәсіпорынға неліктен мұндай көмек көрсеткісі келді. Бұған жауап ретінде президенттің сөзін келтірейік.
«1,6 миллионнан астам азамат және 11,5 мың орта және шағын бизнес субъектісі несие және займдар бойынша қарызын төлеу кейінге қалдырылды. Шағын және орта бизнестің қазір жағдайы қиын. Біз егер қазір оларға көмектеспесек онда экономиканы қалпына келтіру жайлы сөз қозғамасақ та болады. Салықтық ынталандыру шарасына 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерлер ілікті. Бұл олардың 1 триллионға жуық теңгені үнемдеуіне мүмкіндік береді. Адамдар жұмыссыз қалмас үшін және олардың жалақысы қысқармас үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетін жүйе құрушы компаниялардың реестрі жасалады. Оған біздің экономика үшін ерекше маңызы бар компаниялар кіруі тиіс» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда аталған компаниялардың тізімі жариялана салысымен оған қарсылық танытушылар көп болды. Соның бірі бұрын мемлекеттік қызметте істеген, қазір жеке кәсіпкер – Санжар Боқаев.
«Мемлекеттік қолдауды алатын компаниялар тізімін қарап шықтым. Бірінші, салалар бойынша қателік кеткен. Құрылыс – 60 пайыз, сауда және жылжымайтын мүлікті жалға алу – 24 пайыз, транспорт – 7 пайыз, энергетика – 4 пайыз, өңдеу секторы – 3 пайыз, тау-кен өндірісі – 2 пайыз.
Екінші, көптеген компаниялар құрылтайшыларының ішінде атақты фамилиялар толып жүр. Әсіресе, Лаврентьев А.С. – 20 компанияда, Н. Смағұлов – 15-тен астам ұйымда аталған. 60-қа жуық копания BI Group брендімен тікелей немесе жанама байланыста. Боранбаев, Бекетаев, Балағұт және тағы көп қызық фамилиялар бар.
Үшінші, үкімет өңдеуші өнеркәсіп ұғымын жақсы түсінбейтін сияқты. Бұл салаға тек автоөнеркәсіпті ғана енгізіпті. Біз бәріміз қазақстандық автоөндірістің – дайын агрегаттарды әкеліп, оны құрастырып шығу ғана екенін білеміз. Бұл жерде қандай өңдеуші өнеркәсіп туралы сөз болуы мүмкін? Тізімде халық тұтынатын тауарларды өндірумен айналысатын бірде-бір компания жоқ. Сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіптің негізін құрайтын жеңіл, тамақ, химия, медицина салаларындағы компаниялар да тысқары қалыпты.
Төртінші, аталған компаниялардың қандай талаптар бойынша ЖҮЙЕ ҚҰРУШЫ ретінде аталып отырғаны туралы айтылмаған»,–дейді Санжар Боқаев.
Бірер күн бұрын сенат депутаттарының да бұл тізімге көңілі толмайтыны туралы ақпарат пайда болды. Қарсылық танытқан ұйымдар қатарында «El Tiregi» өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы да бар.
«Бағыты мен мақсатына сәйкес мемлекеттік қолдау алуға құқығы жоқ компаниялардың тізімге кіруіне қарсымыз. Қымбат автокөліктерді сататын салон, әуе компаниялары, әуежай, энергетикалық және құрылыс компаниялары басымдыққа ие болмауы тиіс. Бұл халық пен барша кәсіпкерлердің бетіне түкіре салғанмен бірдей» деп мәлімдеме жасапты аталған одақ.
Компаниялар тізіміне қатысты әлеуметтік желіде де бірқатар юморға құрылған пікірлер де пайда болды.
«Мамин үкіметінің тізімі – 361 жеке компанияға бюджеттен көмек беріледі. Тізім Forbes тізімімен сәйкес келген» деп жазады қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.
«Олигархтарды қашанғы жарылқаймыз. Адамдар түсінесіңдер ме, сіздер үшін ақша жоқ, ал олар үшін бар. Тізімге «Астана Моторстың» 22 компаниясы; BI Group-тың 50 компаниясы кірген. Одан бөлек BI Digital, BI Village DeLuxe, BI Innovations, BeInTech, High Vill Kazakhsatan сияқты компаниялар бар» деп жазады Денис Кривошеев.
Ел президентінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың айтуынша, аталған тізім әлі де толықтырылады.
«Мұның бәрі қалыпты жұмыс процедурасы ғана. Ешқандай теріс пиғыл жоқ. Тек құжат байқаусызда желіге таралып кетті де, сосын оған қатысты ешкім ресми түсініктеме берген жоқ. Содан кейін барып кінәлілерді іздеу басталды. Қысқасы, ешқандай проблема жоқ, жұмыс процесі жүріп жатыр және ведомство тарапынан коммуникациялық салғырттық та бар. Мемлекеттік қолдау алатын компаниялардың түпкілікті тізімі бекітілмей тұрып тексеруден өтеді. Бұл жұмыстар толық атқарылуы үшін үш апта уақыт керек» депті Олжас Құдайбергенов.
Әлеуметтік желі мен бірқатар ұйым, кәсіпкерлер шулағаннан кейін барып экономика министрлігі пікір білдірді. Оның өзі қасқалдақтың қанындай қып-қысқа тұжырым.
«Бизнес-қауымдастық және салалық министрліктермен қарқынды талқылау жасалған соң барып алдын-ала реестр жасалып, экономиканы модернизациялау бойынша мемлекеттік комиссияға жолданады. Жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады» депті министрлік.
Ведомствоның пікірінше, тізімге енгізер алдында ірі кәсіпорындардың салық, жұмыспен қамту факторы, базасы сату түйткілдері есепке алынбақ.