Нұр-Сұлтан әкімдігі саяжайға барудың тәртібін түсіндірді
Нұр-Сұлтан қаласының 20 мыңнан астам тұрғыны 27 сәуірден бастап, саяжайларына баруға рұқсат алды. Олар өз көліктерімен ғана және саяжайы бар екені туралы арнайы құжатпен ғана қала шетіне шыға алады. Ал, аулаға ойнауға, серуендеуге шықсаң, өзіңмен бірге төлқұжатыңды алып жүруің керек. Онымен қоса, қолыңда қолғап, бетіңе бетперде тағуың міндетті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен брифингте мәлімдеді.
«Қалада 64 саяжай серіктестігі бар. Онда 20 мыңнан астам адам тізімде тұр. Карантин кезінде олар саяжайға арнайы құжатпен барып және таңғы сағат 06:00 ден 20:00-ге дейін көлікпен қатынауға мүмкіндіктері бар »-деді Бақтияр Мәкен.
Сондай-ақ, олардың қолында саяжайдың мемлекеттік актісі және мүшесі екенін дәлелдейтін құжаты болуы керек. Кәмелетке толмағандарға саяжайға баруға рұқсат жоқ. Жасөспірім еріп барған күнде қасында 18 жастан асқан туысқаны болуы керек. Ал 65 жастан асқан адамдарға саяжайға бармаған дұрыс.
Сондай-ақ, аулаға серуендеуге шықсаң, 3 адамнан артық топтаспауың тиіс.
Егер созылмалы науқас адамдар болса, оларға аулаға шығуға мүлдем тиым салынған.