Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының одан әрі таралуын болдырмау және дер кезінде әрекет ету мақсатында 45 ішкі бағыт бойынша аптасына 540 (100%) тұрақты жолаушылар рейсі және 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 (99%) рейс (442-ден 2 рейске дейін) тоқтатылды. Бұл ақпаратты ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің телеграм арнасы хабарлады
Төтенше жағдай режиміне және рейстер санының азаюына байланысты азаматтық авиация саласының 20 мың қызметкерінің шамамен 70% ақысыз демалысқа шықты.
Жалпы жыл соңына дейін саладағы шығын көлемі шамамен 300 млрд. теңгені құрауы мүмкін.
Коронавирус пандемиясының таралуына байланысты әлемде де, елімізде де экономиканың қатты зардап шеккен салаларының бірі осы азаматтық авиация болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап күніне 4 рейс жиілігімен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында әуе рейстерін ашу туралы шешім қабылдады.
Сұраныс жоғары бағыт бойынша ұшудың басталуы саланы қалпына келтірудің алғашқы қадамы болады. Әуе рейстері ҚР ДСМ Көліктегі Бас санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздік шараларының күшейтілген жағдайында орындалады.
Қазақстан әуе компаниялары күрделі жағдайды түсіне отырып, билет бағасын сатып алу күні мен уақытына байланысты 7-ден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіледі.
Алдағы уақытта, жағдай жақсарған кезде ішкі рейстер санын және әуе кемелерінің сыйымдылығын арттыру мәселесі қарастырылады.