1,8 млн адам несие мерзімін кейінге шегеруге өтініш берген

Жарияланды
13 мыңнан аса кәсіпкер қаржылы қиындыққа тап болған

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, екінші деңгейлі банктер мен өзге де кредиттік ұйымдарға қарызы мен микрокредит төлемін төтенше жағдайға байланысты тоқтата тұруды сұрап 1 844 599 өтінім келіп түскен. Соның ішінде 1 831 489 жеке тұлға, 13 110 шағын және орта кәсіпкер қарыз төлемінің мерзімін кейінге  шегеруге өтініш беріпті. 

Нәтижесінде 1,6 миллионнан аса қарыз алушының қарызының мерзімі кейінге шегерілген. 

«Қазіргі кезде 1 661 232 жеке тұлғаның 237,4 млрд теңге сомасындағы қарызы немесе барлық қарыз алушының 31,3%-ының төлемдерін тоқтату тұру туралы шешім шықты. Сонымен қатар 11 561 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің  немесе кәсіпкерлердің 44,1%-ның жалпы сомасы 138,8 млрд теңге несие мерзімі кейінге шегерілді. Қалған өтінімдер қаралып жатыр, 10 жұмыс күні ішінде олар бойынша тиісті шешімдер қабылданады», – делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Қазақстанда барлығы 5,3 млн азамат банктерге 4,4 трлн теңге берешек.  Ал 26,2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 3,9 трлн теңге қарызы мен микрокредит бойынша берешегі бар.

Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктерден алынған деректерге сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілері және дара кәсіпкерлер кредит алу үшін 274,8 млрд теңге сомаға 1 313 өтінім берді. Оның ішінде жалпы сомасы  62,5 млрд теңгені құрайтын  246 қарыз мақұлданған.

Айта кетейік, мемлекет  басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын» әзірлеген. Осы Бағдарламаны іске асыру үшін шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне және дара кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру үшін 600 млрд теңге бөлінеді.

Бизнесті қолдау тетігі төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыру үшін 12 айға дейін жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлемемен кредит беру арқылы іске асырылады. Екінші деңгейлі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 айды құрайды.

Қаражат ШОБ субъектілеріне кредит беруге жұмсалуға тиіс. Шағын және орта кәсіпкерлер  – 3 млрд, ал жеке кәсіпкерлер 50 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. 

Айналым қаражатын толықтыруға берілетін кредит қарыз алушының банктік шотына аударылады және қарыз алушы тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет ақысын, салық пен бюджетке басқа да төлемді, жалақыны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлейді. 

Сондай-ақ оқыңыз