Жаңалықтар

Еліміздің автожолдарында 30 бақылау бекеті тәулік бойы жұмыс істеуде

ТЖ кезінде бекеттерде 9 889 автокөлік тексерілді

Төтенше жағдай кезінде еліміздің автожолдарында 30 көліктік бақылау бекеті тәулік бойы бақылау жүргізуде. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram желісі хабарлайды. 

 

ҚР ИИДМ Көлік комитетінің көліктік бақылау органдарының қызметкерлері жұқпалы індеттің қауіптілігіне қарамастан санитарлық қауіпсіздікті сақтай отырып, республика автожолдарында 30 көліктік бақылау бекеттерінде, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сыртқы шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері мен Ресеймен өткізу пункттері жанында, сондай-ақ, карантиндік аймақтардың бақылау бекеттерінде тәулік бойы бақылау жүргізуде.

Осы мақсатта бекеттердің қызметкерлері қажетті жеке қорғаныс құралдарымен және залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етілді. 

Төтенше жағдай басталғаннан 28 сәуірге дейін бекеттерде 9 889 автокөлік тексеріліп, 1 768 бұзушылық анықталды, 3 327 қазақстандық рұқсат бланкісі мен ЕАЭО сыртқы шекарасынан келіп түскен 952 хабарлама рәсімделген.

Сондай-ақ 54 млн. теңгеден астам айыппұл және 16 млн. теңгеден астам сомада алымдар өтелді.