Парламент Сенатының 30 сәуірде өткен жалпы отырысында Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Серік Сыдықовты Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшесі қызметіне тағайындады.
Сыдықов сенат аппаратында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеді, палата аппараттарының басшылығында түрлі жауапты қызметтер атқарды.
«Маған берілген құқықты пайдалана отырып, Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Серік Сыдықовтың кандидатурасын ұсынамын. Серік Сламжанұлын жақсы білесіздер, ол білікті заңгер. Сенат аппаратында 25 жылдан астам уақыт жауапты қызметтерді абыроймен атқарды», – деді Дариға Назарбаева.
Оның айтуынша, Сыдықов өз жұмысын абыроймен атқарды, ұзақ жылдар бойы Парламент Сенаты аппаратының басшылығында түрлі басшылық қызметтерде жұмыс істеді.
Серік Сламжанұлы Сыдықов 1962 жылы туған, жоғары заң білімі бар.