Мектеп оқушысы ғарышкерлерге арналған мармелад шығармақ

Жарияланды
Бұл тәтті ағзадағы йодты көбейтеді

Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Жәмилә Кенжетай ғарышқа ұшқан адамдардың тонусын сақтап, қуатын арттыру үшін өзі ойлап тапқан мармеладты жеуді ұсынады. Оның айтуынша, бұл тәтті ағзадағы йодтың үлесін айтарлықтай арттырады.

«Соңғы уақытта йод тапшылығының салдарынан түрлі сырқатқа шалдыққандар саны көбейіп келе жатқаны байқалады. Сондықтан, балаларға да, ересектерге де пайдалы болатын мармелад дайындадым. Оның құрамына йодты көбірек қосса, ғарышкерлер үшін таптырмас пайдалы өнім болмақ. Тәттінің құрамындағы заттардың қандай мөлшерде болуы керектігін ғалымдармен, дәрігерлермен ақылдастық», – дейді Жәмилә Кенжетай. 

cd499571-a8ce-4e14-a687-ae41dc04abd4.jpg

Жәмилә Кенжетай

Мармелад тек табиғи таза өнімнен, тез  жасалады. Оны дайындау үшін құрамында ламинария бар теңіз қырыққабаты, агар-агар және жаңа сығылған жеміс шырыны ғана қажет. Алдымен қырыққабатты ұнтақтап, агар-агарды кептіріп, кейін шырын қосып, барлығын араластырады. 

«Алғашқы мармеладты мектепте әзірледім. Ал үйреніп алған соң үй жағдайында да жасауға көштім. Отбасым мен сыныптастарыма ұнады», – дейді жас зерттеуші. 

Биыл мектепті тәмамдайтын Жәмилә Кенжетай осы бағыттағы жұмысын жалғастырып, биоинженерия немесе биотехнология маманы атануды қалайды. Сонымен қатар, мармелад өндірісін бастауды армандайды. 

«Жетекшім Анна Шевчукпен бірге бұл жобаны үш жыл жаздық. Жақында авторлық құқыққа ие болдық. Енді мармеладты үй мен мектепте ғана емес, цехта дайындап, дүкен сөрелерінен көрсем деймін. Жобаны дайындау барысында экономикалық бағытын да қамтыдық. Сондықтан инвестор іздеп, қаржылай қолдау білдіруге ниеттілермен серіктес болуға әзірміз», – дейді Жәмилә. 

Түрлі ғылыми сайыстарда жүлделі орын алып, ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған бұл жобаға қызығушылық танытып, қолдаушылар табылады деген сенім мол. 
 

Сондай-ақ оқыңыз