Жаңалықтар

Қырыққабатқа қатысты мәселе шешімін тапты

Үкімет өңір әкімдіктеріне өнімді жаппай сатып алуға тапсырма берді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың жетекешілігімен Түркістан облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін қолдау мәселесіне қатысты селекторлық жиын өтті,-деп хабарлайды Ауыл шаруашылық министірлігінің баспасөз қызметі.

Үкімет өңір әкімдіктеріне Түркістан облысындағы қырыққабаттарды жаппай сатып алуға тапсырма берді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Үкімет резервінен зардап шеккен фермерлерге көктемгі екінші егіс жұмыстары үшін 1,6 млрд теңге несие бөлу туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктеріне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар есебінен қаражатты Түркістан облысының фермерлерінен ерте пісетін қырыққабат сатып алуға жұмсауы тапсырылды.

Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысында 10-сәуірде басталған ерте пісетін қырыққабатты жинау науқаны мамыр бойы жалғасады. Фермерлер егістен 300 мың тонна көлемінде өнім алуды жоспарлап отыр.

Төтенше жағдай кезеңінде ауылшаруашылық тауар өндірушілер өз өнімдерін өткізуде бірқатар проблемаларға тап болды. Олар қырыққабат өнімдерін ТМД елдеріне жөнелтеміз деп жоспарлады. Алайда, дүкендер мен базарлардың жабылуына байланысты, аталмыш өнімге деген сұраныс азайды. Осыған орай, Премьер-министр Асқар Мамин зардап шеккен фермерлерге қолдау көрсетуді тапсырды.