Қазақстанда әскери қызметкерлерді әскерден босату мен әскерге шақыру уақытша тоқтатылды

Жарияланды
Министрлік өкілі бұл жағдайдың ел тарихында алғаш рет болып отырғанын айтты

Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген қорғаныс министрлігінің өкілі әскери қызметке шақыру мерзімінің ұзартылғанын мәлімдеді. 

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес қарулы күштердің әзірлігін қолдау мақсатында Төтенше жағдай кезінде 2019 жылы көктемде әскерге шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді әскери қызметтен босату уақытша тоқтатылды. Запасқа шығарылғанға дейін осы әскери қызметшілерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қаржымен және медициналық тұрғыда қамтамасыз ету сақталады. Сонымен қатар барлық өңірде әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылды. Осыған байланысты мемлекет басшысы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімдерін 2020 жылғы маусымнан тамызға ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлықта азаматтарды әскерге шақырудың бұдан бұрын бекітілген мерзімін ағымдағы жылдың маусымынан тамызға дейін ұзарту көзделеді. Төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін азаматтарды әскерге шақыру қайта жүргізіледі және 31 тамызға дейін ұзартылады» деді ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Сәкен Жүсіпов. 

    Осыған байланысты Ақорда сайтында жарлықтың толық мәтіні де жарияланған. Онда президент әскери қызметшілерді запасқа шығару және 2020 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы жарлыққа өзгеріс енгізген. 

    Сәкен Жүсіповтың айтуынша, 2019 жылы көктемде әскерге шақырылған әскери қызметшілерді запасқа шығару Төтенше жағдай режимі алынған жағдайға ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін жүргізілетін болады. Бұл ретте әскерге шақыру мен запасқа шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес іске асырылады. Елеулі өзгеріс болмайды. 

«Елімізде ТЖ енгізген сәттен бастап қарулы күштер өз міндеттерін белсенді атқаруда. Бүгінгі таңда 9500 әскери қызметші патрулдеуді, дезинфекциялауды және басқа да міндеттерді іске асыруда. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығаруды тоқтата тұру және азаматтарды әскерге шақыру мерзімін ауыстыру туралы шешім мемлекетіміздің тарихында алғаш рет қабылданып отыр. Бұл шара біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Болған жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша әскери қызметшілердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Жергілікті атқарушы орган әскери қызметке шақырылған азаматтарды коронавирусқа тестілеуден өткізіп, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс» деді Сәкен Жүсіпов.

    Қазіргі таңда елімізде көктемгі әскери шақыруды аяқтау үшін 17 мыңнан астам азамат шақыруды жоспарланып отыр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз