Жаңалықтар

Мақтаарал: тағы үш ауылды су басу қаупі сейілмей тұр

Су тасқыны салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды

3 мамыр күні Мақтаарал ауданы, Жаңажол ауыл окугіне қарасты Өргебас ауылын қызыл су басып, М-39 «Ташкент-Термез» трассасының бойына жайылған. Сонымен қатар, түсауа ішкі каналдар арқылы трассының келесі бетіне өтіп, Ырысты, Қарақыр және Гүлістан ауылының егістік алқаптарын жайылып жатыр. Осыған орай Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакентте орналасқан облыстық штаб алдағы уақытта тұрғындарды су басқан жағдайда көшуге дайын болу керектігін ескертеді, деп хабарлайды облыстың әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Нақты айтқанда, мал-жанды қауіпсіз жерге көшіріп,  құжат, жылы киім, бағалы заттар мен  керекті дүниені әзірлеп, эвакуацияға дайын болу керек. 

Бүгін Премьер-Министрі Асқар Маминнің Өкімімен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылған. Комиссия алдына келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету міндеттері қойылды.

Кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Қазсушар» мекемесінің жауапты мамандары Мақтаарал ауданындағы су тасқыны мәселесін реттеу бойынша Өзбекстан Республикасының Сырдария облысына аттанған. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кезекті брифингте тасқын суды тоқтату бойынша Қазақстаннан барған топ тиісті министрлік өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізетіні айтып өтті. Суды жіберу жұмыстарын бір жүйеге келтірмек.

«Арнайы топ Өзбекстанның су министрі Хамраевпен және Сырдария облысының басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Жалпы бұл жағдай екі елдің үкіметі тарапынан талқыланып, шешілмек. Соңғы мәлімет бойынша бүгінгі күнге дейін ауданға 300 млн текше метрге жуық су келген. Мұндай көлемдегі су бұрын болмаған. Аудандағы қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені Өзбекстан тарапынан әлі қанша су келетіні белгісіз. Себебі Өзбекстанмен су туралы мәлімет алмасу бір жүйеге келтірілмеген. Кездесу нәтижесін алдағы уақытта хабарлайтын боламыз», – деді Сәкен Қалқаманов.

Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда аудандағы Фердоуси ауылын толықтай су басқан. Мырзакент ауылын да толықтай су басып қалмас үшін бөгет салынуда. Мақтаарал ауданында тағы су тасқыны болуы мүмкін деген жеті елдімекен анықталып, ондағы мал басы басқа жаққа айдалып жатыр. 

Сондай-ақ, брифингте «Nur Оtan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев:«Жалпы қызыл судан 620 үйге зақым келген. Тұрғындарды көшіру үшін 22 эвакуациялық орын даярланды. Бүгінде мұнда орналасқан адам саны 3,5 мыңға жуық. Қиын жағдайға ұшыраған мақтааралдықтарға қолдау білдіруші қайырымды азаматтар үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмыс істейді. Сондай-ақ, өңірдегі жапа шеккен халыққа көмек беру үшін алғаш болыпЖамбыл облысынан 30 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген үш жүк көлігі келе жатыр», деп атап өтті.

Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда бұл жұмыстармен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған Арнайы жұмысшы тобы айналысып жатыр. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталған. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі құрса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталыпты.

«Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз», – дейді Тұрғанбек Оспанов.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елдімекеннен яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кетіп өлген мал саны әзірге белгісіз болып отыр. Бұл жұмысқа тасқын судың әлі де тоқтамай тұрғаны қолбайлау болуда. Өлген мал басы алдағы уақытта саналады.