Жаңалықтар

Парламент сенатының төрағасы сайланды

Спикер - Мәулен Әшімбаев

Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы болып сайланды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өз  Facebook парақшасында жазды. 

2019 жылдың желтоқсанынан бері ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Әшімбаев Сенатқа депутат болып тағайындалған еді. 

Мәулен Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда Алматы қаласында туған.С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті (1993), экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.  2003-2004 жылдары АҚШ-та Джон Хопкинс университетінің Халықаралық зерттеулер мектебінде тағылымдамадан өткен.  Еңбек жолын ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі Баспасөз қорының маркетинг бөлімінің жетекші маманы болып бастаған Әшімбаев  бас маман, атқарушы директорының орынбасары қызметін атқарған. Әр жылдары  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының аға сарапшысы, сектор меңгерушісі, бастығының бірінші орынбасары, Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының бастығы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры қызметін атқарған. 

Айта кетейік, 2 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызының өкілеттігі тоқтатылды.