Жаңалықтар

«Жинаған ақшаға жармасып жатқандар көп». Еріктілер су басқан өңір мен көрсетілетін көмектің шындығын айтты

Қайрат Құдайберген, Дәулет Мұқаев қандай көмек беретіндерін айтты

Қазір Мақтаарал ауданындағы 5 елдімекенді (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас, Достық) су басып, 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Мырзакент пен Ақжол ауылдарына тұрғындар қайтіп оралса, тағы 7 елдімекенге әлі қатер төніп тұр. 7639 гектар жер су астында қалды. «Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды» деп хабарлады облыс басшылығы. 
    Тұрғындардың айтуынша, өңірдегі жағдай мәз емес. Көмек қажет. Апат басталғалы бері ауданда еріктілер жұмысы жанданған. Сырттан көмек жіберіп жатқандар да баршылық.

Осы орайда: 

•    Аймақтағы еріктілер жұмысының қалай жүріп жатқаны; 
•    Жеке адамдар мен кәсіпкерлердің көмегі туралы шағын материал әзірлеп көрдік. 

Шығын Арыс апатынан 2-3 есе асып түседі

су тасқыны.jpg

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының қызметкері Бижан Сәдібеков еріктілер жұмысы әлі бір ізге түспей жатыр дейді.  

Бижан Сәдібеков: 

«Қазір әр адам өзінше қор жинап, көмектесіп жатыр. Әркімнің өз сенетін адамдары бар ғой. Біз де өзімізше топтастық. Достарымызбен бірігіп 400 мыңға жуық қаржы жинадық. Су басқан кезде күн салқын болып, жаңбыр жауып тұрған, сол себепті адамдардың көбі қыстық етіктерімен қашып шыққан. Соны ескеріп 500 жұп жеңіл аяқ киім сатып алдық. Бір мектепті болсын қамтығымыз келді. Ол жерде зардап шеккен адамдар 20 шақты мектепке орналастырылған. Әрине, біздің күшіміз оның бәрін қамтуға жетпейді. Десе де барынша тырыстық. Аяқ киімнен бөлек қажетті тұрмыстық зат пен азық-түлік те апардық. Ол жақта арнайы штаб бар. Еріктілер апарған заттар сол жерге апарылып, сосын әрі қарай бөлінеді. Бұл жерде айта кетер нәрсе – еріктілерден келген көмекті жүйелеп, үлестіру шарасы әлі бір қалыпқа түспеген. Енді-енді ғана реттеліп жатқан сияқты. Әр мектепте қойма бар. Штабтан жіберілген заттар сол қоймада сақталады. Жалпы, адамдарға көп нәрсе қажет. Ең аяғы ұсақ-түйек, тарақ сияқты заттар да қат». 
    

Оның айтуынша, адамдар ұрлық-қарлықтан қорқып, ауылдарын төңіректеп, әлі кете алмай жүр. 

«Кеше түнде біз Нұрлы жол және Өргебас ауылдарына барып шықтық. Жағдай өте қиын. Нұрлы жол ауылының тұрғындарына риза болдым. Адамдар өздері күш біріктіріп тоған көтеріп тастаған. Сол ауылда екі қоба болған, сол камаздар тыным таппай құм тасып, қаптарға топырақ толтырып, биік етіп тоғандар салып шығыпты. Тұрғындар жанармайды да өздері құйып жатыр. Ал Өргебас ауылында әр 15-20 минут сайын бір үй гүрс етіп құлап жатыр. Қазірдің өзінде ауылдың 70 пайызға жуығы жоққа айналған. 
Ауылда қайық есіп адамдар жүр. Әрине, қимайтындай, сақтап қалатындай да ештеңе жоқ. Сол ауылдарын қимай, малдарына, кейбір заттарына қарайлап, күзетіп жүрген секілді. Қаншама егістік алқабы су астында қалған. Менің ойымша, шығын Арыстағы апат кезінен де 2-3 есе асып түседі. Бұл жақта ешқандай үй қайта жөндеуге жарамайды. Жаңадан салынып жатқан екі мектеп те іске алғысыз болып қалған. Бәрін басынан бастау керек. Ал ол дегеніңіз қаншама қаржы мен жылдам, сапалы әрі жүйелі жұмысты талап етеді». 

Үш ауылға үй салып береміз

еріктілер.jpg

Ал белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген Kursiv тілшісіне дәл қазір Мақтаарал ауданынан қайтып келе жатқанын, жағдай барысын өз көзімен көргенін айтты. 

Қайрат Құдайберген, кәсіпкер: 

«Апатты ести сала көмек әзірлеудің жолдарын қарастыра бастадық. Достарымызбен бірігіп «Салихалы ұрпақ» қорының атынан 200 миллион теңге бөлдік. Мұндағы мақсатымыз – баспанасыз қалған азаматтарға жаңадан үй салып беру. Одан басқа, 20 тонна азық-түлік, жеке гигиенаға керек заттар – памперс, сабын, сусабын, басқа да дүниелерді апарып бердік. Өзіміз де су басқан ауылдарға барып, жағдаймен таныстық. Тағы бір айта кетерлік жайт – ауылда жұмыс істеп жатқан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тиесілі кәсіпкерлердің де техникалары, – камаз, арнайы техникалар, – су астында қалған. Халық, еріктілер көмек беру кезінде ол азаматтардың да жағдайын ескергені жөн. Бұл да форс-мажорлық жағдай ғой. Бір байқағаным, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердоуси ауылдарының адамдары момын екен. Айтып келмеген апаттан еңселері түсіп тұрса да, өз-өздерін сабырға шақырып, бәрінің жақсылықпен аяқталарына үміттенетіндерін айтып жатты». 

Кәсіпкер бөлген ақшаны ешкімге бермейміз, бәрін өзіміз пайдаланып, құрылыс жұмыстарымен де өзіміз айналысамыз деді. 

«Апат болған жерге ревизия жүргізіліп, сараптама жасалғаннан кейін біз де құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Арыстағы жарылыс кезінде біздің компания баспана салу жұмысымен белсене айналысқан болатын. Сол күшті осы жолы да жұмылдырамыз. Яғни, біз бөліп отырған 200 миллион теңге ешкімге аударылмайды. Ол қаржыны біз өзіміз пайдаланып, құрылысқа жұмсаймыз. Су кетіп, жер құрғаған соң Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердоуси ауылдарында құрылыс жұмыстарын бастаймыз». 

Жинаған ақшаға жармасып жатқандар көп

Әлеуметтік желіде 600 мыңнан астам оқырманы бар экономист Дәулет Мұқаев өзінің Инстаграмдағы парақшасы арқылы бір тәуліктің ішінде 23 млн 600 мың теңге жинаған. Сарапшы бізге берген сұхбатында бұл қаржыны қандай мақсатқа бөлетінін айтып берді. 

Дәулет Мұқаев: 

«Каспий банк бір күнде 5 миллион теңге ғана аударуға болады деп лимит қойып тастаған. Сол себепті, келіншегімнің, достарымның карточкасын пайдалануға тура келді. Енді осы ақшаны біреулер миллиардтай көріп жатыр: су басқан ауылдарға үй салу керек, сиыр алу керек деп… бұл ақша оған жетпейді. 23 миллион теңге дегенің әрі кетсе 2 бөлмелі үй алатын ғана қаржы ғой. Ақылға салсақ, тамақ апарып берудің де керегі шамалы. Көріп отырғанымыздай, азық-түлік жеткізіліп жатыр. Әрі көп тұрса мерзімі де өтіп кетеді. Мен командаммен ақылдаса келе көмек көрсетудің мейлінше креативті, ұтқыр шешімін қабылдауға тырыстым. Ол көмек – су басқан ауылдардағы мектеп түлектеріне ноутбук сыйлау. Оның ішінде де, ҰБТ тапсыратын талапкерлерге ғана. Осы шешімімді желіде 90 пайыз оқырманым қолдаса, 10 пайызы қарсы. Әрине, ол қарсылықты түсінемін. Бірақ біз мәселеге барынша тереңнен үңіліп, бір қадам алға жүруіміз керек. Студент болатын балаға ноутбук өте қажет. Ауылдан шығып, оқуға аттанғалы тұрған ұл-қыздардың бас-басында ноутбук бар деп ойламаймын. Әрі ол арзан тұратын да дүние емес. Ертеңгі күні бұл зат олардың қажетіне жарайды. Көмегін тигізеді. Қазір студенттің де, қызметкердің де ноутбуксыз жұмысы бітпейді. Біз соны ескеруіміз керек. Қазір ауылдардағы оқушылар жайлы ақпараттарды алып жатырмыз. Мәселен, Фердауси ауылында биыл 43 бала мектеп бітіреді, бірақ ешбірі ҰБТ-ға қатыспайды. Демек, оларға ноутбук берудің қажеттілігі жоқ. Жаңатұрмыс ауылындағы Доспанова мектебінде – 13, Қасым Аманжолов мектебінде – 9, Мүсірепов мектебінде 11 бала бар. Осылай 150 бала жинақталады. Біз орта есеппен 150 мың теңге тұратын ноутбуктар алатын боламыз». 

Дәулеттің игілікті көмегіне жарты жолдан жармасып, жақсылықты өз атына аударғысы келген азаматтар да болыпты. 

«Ақша түскелі бері небір басшылар, азаматтар жиі хабарласып, «қаржыны маған аудара сал», «менің де атымды қоса сал» деп жатыр. Бәрі де біреудің еңбегі арқылы өз абыройын көтергісі келеді. Ондайларға үзілді-кесілді қарсымын. Әрі пәлен деп жауап қайтарып жатудың өзін артық көремін. Бұл – оқырмандардың ақшасы. Сондықтан оның тағдырын өзіміз шешеміз. 24 мамырға дейін ноутбуктарды иелеріне табыстағым келеді. Алдын ала жоспар бойынша 150 балаға береміз. 150-ді 150 мыңға көбейтетін болсақ тұп-тура 22 млн 500 мың теңге шығады. Одан бөлек жеткізу, жол-пұл шығындары да бар. Сонымен қатар балаларға өзімнің 150 кітабымды табыстап, 1 сағаттық мотивациялық лекциямды тегін өткізіп беруді жоспарлап отырмын». 

23 млн 600 мың теңгенің 1 миллионы гигиеналық заттар алуға жұмсалады деді Дәулет. 

Қираған үйлерінің суретін көре беру олар үшін ауыр соққы

Өңірдегі «Қызмет» газетінің бас редакторы және «Серпіліс» қоғамдық қорының жетекшісі Бейсенкүл Нарымбетова еріктілер жұмысының артығы мен кем тұсын саралады. 

Бейсенкүл Нарымбетова, «Серпіліс» қоғамдық қорының басшысы: 

«Біз Арыс апаты кезінде де осылай бір жұдырық болып жұмылып, жұмыс істеп едік. Жастар сол тәжірибесін Мақтаарал апаты кезінде де іске асырып жатыр. Өзім олардың жанкешті еңбегін көріп қатты риза болдым. Жастар келген заттарды қабылдап, оны компьютер базасына бірін қалдырмай енгізіп, бәрінің есебін шығарып отыр. Бұл тұрғыда жастар кемшілік жіберіп жатқан жоқ. Бірақ тағы бір түйткіл, «кімге не керек?» деген зерттеу жүргізу керек сияқты. Өйткені нан, азық-түлік сияқты заттар қисапсыз келіп жатыр. Бір мектепке азық-түлік молынан жеткізілсе, бір мектепке тұрмыстық бұйым шамадан тыс апарылуы мүмкін. Соның балансын сақтап, ара-жігін анықтап отыратын, тұрғындардың нақты неге мұқтаж екенін зерттеп, зерделеп отыратын қызмет түрі аса қажет болып тұр. Қазіргі дерек бойынша, тұрғындар тарапынан химиялық, тұрмыстық заттар, – әжетхана қағазы, сәбилерге керек заттар мен тағамдарға деген сұраныс жоғары. Қайырымдылық жасағысы келген азаматтар соны ескерсе екен. Мақтарал ауданы, Жамбыл ауылдық округіндегі №36 мектепте орналасқан штабта бірнеше азық-түлік және тұрмыстық заттар қоры жиналған. «Асар» еріктілер ұйымы, «Серпіліс» қоры, Түркістан облыстық жастар орталығы, сондай-ақ Айка Айтаханова, Олжас Мамыр, Рахат Арғынбай сияқты жігерлі жастар осы штабта еңбек етуде. Менің байқағаным – еріктілер саны аздық етіп жатыр. Олай болатын себебі, карантин режиміне байланысты сияқты. Дегенмен көмек дамылсыз келіп жатыр». 

Қор жетекшісі су тасқынынан зардап шеккен жандарға тек материалдық көмек емес, рухани, психологиялық көмектің де ауадай қажет екенін айтты. 

«Зардап шеккен адамдарға қазір материалдық көмек пен қатар рухани қолдау да аса қажет болып тұр. Теледидардан, сайттан қираған үйлерін көре беру де олар үшін ауыр соққы. Қанша дегенмен өз қолымен, маңдай терімен салған баспаналары ғой. Бір тұрғыдан, бәрі дерлік еңбек адамдары. Көктем – олардың нағыз еңбек етіп, табыс табатын сәті еді. Енді сондай сәтте апатқа тап болып, қолдарын қусырып бос отыр. Бұл да олардың жанына оңай тимейді. Сондықтан тек материалдық көмек жағын ғана ойламай, психологиялық көмек те ұйымдастырылуы керек деп есептеймін. Осы орайда мен облыстық ішкі саясат бөліміне мынадай ұсыныс айттым: «Былтыр Арыста салынған жаңа үйлердің видеосымен позитивті ролик жасап, таратыңыздар. Арыстағы халыққа қалай көмек берілді, Арыс қалай өзгерді, соны көрсетіңіздер» дедім. Сонда мұндағы халықтың да еңсесі көтеріледі деп ойлаймын. Олар бұл ұсынысымды мақұл көрді». 

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Мақтаарал ауданы аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Республикасы тарапынан Жетісай ауданы, Қоғалы елдімекенінің маңынан «орталық бетпақдала коллекторы» арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылды. ҚазСушар РКМ-нің мәліметтеріне сәйкес, кейбір елді мекендерде су деңгейі орташа 3-4 см-ге төмендегені байқалады.