Алматыда 12 мың қызметкерді қоғамдық жұмысқа қабылдамақ
Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы және қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлованың қатысуымен онлайн брифинг өтті. Жиында мегаполисте 2290 адамның қоғамдық жұмыстарға қатысуға ниет білдіргені мәлім болды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Карантин алынған сәттен бастап қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болмақ. Спикерлердің айтуынша, Алматыда халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін «Еңбек» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама халықтың барлық топтарын жұмысқа орналастыру пайызын арттыруға бағытталған.
«Ең алдымен, әңгіме тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналасу, сондай-ақ бизнес идеяларды, микронесиелерді қолдау үшін мемлекеттік гранттар бөлу, кәсіптік оқыту курстарында оқыту туралы болып отыр», – деп атап өтті Диляра Иманқұлова.
Бұл тұрғыда Алматыда жұмыс орындарының қажетті қоры бар. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бос жұмыс орындар саны бойынша көшбастап келеді.
Бүгінде слесарь, дәнекерлеуші, темір-бетон құрылымдарын құрастырушы, электрик, жүргізуші, жүк тиеуші, аула сыпырушы, газбен дәнекерлеуші сияқты жұмысшылар кәсіптері аса сұранысқа ие. Сондай-ақ қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен медицина қызметкерлері де қажет.
Жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлованың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында уақытша жұмыс орындарында қызмет ететін жұмыссыздарды қолдау жүзеге асырылуда екен.
Алматыда қоғамдық жұмыстарға қатысушыларға жалақы төленеді. Ұйымдардың тізбесін, жұмыс түрлерін, қатысушылардың санын және төлем мөлшерін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы бекітеді. Басқарма басшысының бұйрығымен осы санаттағы қызметкерлер үшін 85 мың тг көлемінде жалақы бекітілді. Бүгінгі таңда қалада осындай қызметкерлер саны 2290 адам. Жоспарлы көрсеткіштерді түзетуге сәйкес Алматыда қосымша 12 мың қызметкерді қоғамдық жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.
«Біз жұмыс істеуге ниет білдіргендердің барлығын жіберуге дайынбыз. Бұл тек көшелерді, саябақтарды, скверлерді тазалау ғана емес, сонымен қатар қарт адамдарға, мүгедектерге көмек көрсету сияқты жұмыстар», – деді спикер.
Жұмыспен қамтылмаған тұрғындар мен жұмыс берушілер арасында әлеуметтік жұмыс орындары басымдыққа ие. Жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарында 695 адам жұмыс істейді.
Бұл ретте мемлекет ең төменгі жалақыны (42 500 тг) субсидиялайды. Ал жұмыс беруші өз тарапынан қосымша ақы белгілейді. Кейде оның мөлшері 70-90 мың тг құрайды.
Мемлекет үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтін мүгедектерге ерекше қамқорлық көрсетеді. Олар үшін әкімдік шешімімен 63 750 тг жалақы белгіленген. Қазіргі уақытта әлеуметтік жұмыс орындарында 695 адам жұмыс істейді, оның ішінде 456-сы мүгедектер.