Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 30 доллардан асты
1 мамыр күні ОПЕК+-тің мұнай өндіруді шектеу туралы келісімі өз күшіне енгелі бері, Brent маркалы мұнайдың құны $5 қымбаттады. 6 мамыр күнгі сауда-саттықта Brent фьючерсінің бағасы барреліне $31,01 дейін өссе, ал WTI бағасы барреліне $24,58 дейін көтерілді.
Жалпы алғанда 28 сәуір мен 5 мамыр аралығында бұл мұнайдың бағасы 10 долларға қымбаттаған.
Сарапшылар шикізат бағасының оң серпінін мұнай экспорттаушы 23 елдің күнделікті өндірілетін қара алтын көлемін тәулігіне 9,7 млн баррельге азайту туралы ортақ келісімінің өз күшіне енуінің арқасында нарықта сұраныс пен ұсыныс теңгерімі қалпына келеді деген болжаммен байланыстырады.
Сондай-ақ инвесторлар коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин шараларының жеңілдеуін күтіп отыр, шектеу алып тасталса, жанар-жағармай тұтыну көлемі артады.
Одан бөлек, Chevron, ExxonMobil сынды өзге де ірі мұнай өндірушілер биыл өндірілетін мұнай көлемін қысқартатынын мәлімдеген болатын. Бұл да өз кезегінде фьючерс құнына жақсы ықпал жасаған.
Oilprice сайтының жазуы бойынша, Goldman Sachs WTI маркалы мұнай бағасы 2021 жылы барреліне 48,50 доллардан 51,38 долларға қымбаттайды деп болжам жасап отыр. Сонымен қатар мұнайға деген әлемдік сұраныс та біртіндеп қалпына келуі керек.
Айта кетейік,12 сәуір күні ОПЕК+ аясында мұнай экспорттаушы елдер осы жылдың мамыр-маусым айларында мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы келісімге қол қойды. Келесі жарты жылдықта тәулігіне 7,7 млн баррелді қысқартып отыру келісілген, ал 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 5,8 млн баррельге қысқаруы тиіс.
Былтыр қазан айынан бері тәулігіне 1,7 млн баррель мұнай өндіретін Қазақстан тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 390 мың баррельге дейін төмендетуге міндеттеме алды.