Елімізде қосымша құны жоғары өнім өндірісі дамуда
Елімізде қосымша құны жоғары өнім өндірісі дамуда. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Қазақстан – көптеген шикізат тауарларын және металл өндіру көрсеткіші бойынша әлемде жетекші орынға ие. Минералдардың таралуы, қоры және ресурстары елімізде пайдалы қазбаларды әзірлеу мен өндіруді кеңейтуге мүмкіндігі мол екенін дәлелдейді.
2019 жылдың қорытындысы бойынша салада көптеген көрсеткіштер бойынша өсім байқалды. Тау-металл кешенінде өндіру мен өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Өткен жылы өндіріс көлемі арғы жылмен салыстырғанда 4,1 % артып, 4,8 трн. теңгеге жетті. Металл кендерін өндіру 3,7%, металлургия өнеркәсібі 4,1% өсті.
Алайда, қазіргі жағдайда жоғары бөліністі өндіріс жеткілікті дамымаған кезде отандық металлургия саласы металдардың әлемдік бағасына тәуелді болып отыр. Ал бұл сала қазір коронавирустық пандемия және әлемдік экономикалық конъектураның нашарлауы салдарынан өзгеріске ұшыруда.
Қазақстанның ішкі нарығы әлі күнге дейін дайын бұйымдардың импорттық жеткізілуіне тәуелді. Бұл аралас тұтынушылар арасында жеткілікті кооперация мен жоғары технологиялық қуаттардың жетіспеуінен туындап отыр.
Осыған байланысты, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті металлургия өнеркәсібін, атап айтқанда, қосылған құны жоғары өнім өндірісін одан әрі дамыту жобасын әзірледі. Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметтің жобалық кеңсесінің отырысында саланы дамыту жөніндегі жұмыс жоспары ұсынылды.