Жаңалықтар

Жұмыссыздар қашықтан мамандық игере алады

Coursera платформасындағы 298 курс тегін оқытылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты Coursera жаппай онлайн білім беру платформасымен келісімге келіп, халықты жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздар үшін қажетті дағдылар мен мамандықтар бойынша онлайн-режимде курстардан өту мүмкіндігіне қол жеткізді, деп хабарлайды министрлік баспасөз қызметі.

Ақылы негізде бір курс бойынша оқыту шамамен 400 АҚШ доллары тұрады, алайда қол жеткізілген келісім аясында жұмыссыз қазақстандықтарға бұл мүмкіндік тегін беріледі.

Жоба аясында азаматтар 298 курс бойынша білім ала алады. IT, гуманитарлық ғылымдар, экономика, физика, медицина, кәсіпкерлік, маркетинг және т.б. бағыттар бойынша оқуға болады. Курстардың ұзақтығы 6-дан 10 аптаға дейін созылады, курстар тапсырмалардан, апталық жаттығулардан және кейде қорытынды жобадан немесе емтиханнан тұрады.

«Пандемияға байланысты бүкіл әлемде цифрлық технологиялар, оның ішінде онлайн-білім де кеңінен таралуда. Қазақстандықтар да оларды белсенді пайдалануда, өйткені ТЖ режимі офлайн өзара іс-қимылды шектейді. Сонымен қатар, бұл ыңғайлы, өйткені кез-келген уақытта және үйден шықпай-ақ білім алуға болады. Бірақ біз үшін біздің отандастарымыздың ТЖ аяқталғаннан кейін бәсекелі жалақысы бар перспективалы жұмыс тапқаны маңызды. Бұл жерде үміткердің дағдылары мен білімі маңызды рөл атқарады. Сондықтан да біз келіссөздер жүргіздік, олардың барысында 2020 жылдың соңына дейін 50 мың жұмыссыз қазақстандықты тегін оқытуға келістік», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Жобаға қатысу үшін ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелу жеткілікті болады. Coursera.org сайтына тіркелу кезінде enbek.kz-те көрсетілген электрондық поштаның (e-mail) мекенжайын немесе жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуді пайдалану өте маңызды.

Жобаның негізгі мақсаты қазақстандықтарға төтенше жағдай кезінде де, ол аяқталғаннан кейін де беделді жұмысқа орналасуға одан әрі үлкен мүмкіндіктер беру арқылы кәсіби қолдау көрсету болып табылады.