Жаңалықтар

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару үшін енді кезекке тұру қажет. Оны қалай жүзеге асырады?

ХҚКО-ларда электронды қызмет түрлері көрсетілмейтін болды

Алматы қаласында Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) қайтадан өз жұмыстарын жалғастыруға көшті. Бұған дейін Наурызбай ауданындағы орталық тек заңды тұлғаларға қызмет көрсеткен болатын. Енді қазақстандықтар ХҚКО-дан тек қағаз күйінде берілетін қызмет түрлерін ғана алады. Ал электронды қызмет түрлері ұсынылмайды. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеу, Covid-19 вирусының таралуын шектеу мақсатында қолға алынып отыр екен. 

    «Барлық мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алуға шақырамыз. Порталда рәсімдеуге болатын қызмет түрлерін онлайн әдіспен рәсімдеңіздер. Жылдам әрі сапалы қызметті алу үшін азаматтар 1414 нөміріне хабарласып, біздің операторлардан кеңес алса болады. Сондай-ақ кезекке тұрған клиенттер уақытылы келу керек. Егер кешігіп қалса, онда кезекке қайтадан тұруға мәжбүр болады. Сонымен қатар ЖСН бойынша тіркелген азаматтың өзі ғана бронь жасай алады. Тағы да қайталап айтамын, алдын ала жазылусыз орталыққа келе алмайды» дейді Алматы қалалық «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының директоры Данияр Қырықбаев. 

    Директор айтқан кезекке тұру, басқа да өзгерістерді тарқата түсіндіріп өтейік: 
•    Енді ХҚКО-ға бару үшін алдын ала egov.kz порталы арқылы немесе 1414-ке хабарласу арқылы кезекке тұру қажет. 

•    Электронды үкімет қызметі интернет бар барлық жерде көрсетіле береді.  

•    ЭЦҚ кілтін алу да ХҚКО-да емес, egov.kz арқылы жүзеге асады. 

•    Алматы қаласы бойынша бірнеше фронт-кеңселер жасақталған. Олардың ішінде колл-орталық және видеоқоңырау қабылдау орталықтары бар. Фронт-кеңселер тізімі: 

1.    Алатау ауданында (Нұркент ықшам ауданы, 5/17). 
2.    Әуезов ауданында (Жандосов көшесі, 51). 
3.    Бостандық ауданында (Алмагүл ықшам ауданы, Ходжанов көшесі, 9). 
4.    Наурызбай ауданында (Шұғыла ықшам ауданы 222/5). 
5.    Медеу ауданында (Марков көшесі, 44).
6.    Түрксіб ауданында (Рихард Зорге көшесі, 9). 
7.    Мамандандырылған №1 ХҚКО (Саялы ықшам ауданы, Аққайнар көшесі, 1). 

169 жұмыс орны ашылып, байланыс орталығының 50 операторы және бейнеқоңырау қабылдайтын 119 оператор ұйымдастырылған. 

Үйден шықпай-ақ электронды қызметтерді ала алмайтын азаматтар үшін 48 орынға лайықталған 2 цифрлық ХҚКО ұйымдастырылды. Аталған орталыққа гарнитура және вэб-камералармен жасақталған компьютер қойылған. Олардың мекен-жайы: 

1.    Алмалы ауданында (Сүйінбай даңғылы, 2, корпус, 4). 
2.    Алатау ауданында (Әйгерім ықшам ауданы, Бенберин көшесі, 89). 

•    ХҚКО-ларда үш жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Ол терезені азаматтардың белгілі бір категориясы ғана пайдаланбақ. Олар – зейнеткер, көпбалалы отбасы және мүмкіндігі шектеулі жандар. Мұндай терезелер фронт-кеңселерде де бар. Олар да ХҚКО-ға бармас бұрын алдын ала жазылым жасап, кезекке тұруы керек. 

Электронды форматта емес, ХҚКО-ның өзінде көрсетілетін қызмет түрлері: 
•    Жеке куәлікті ауыстыру. 
•    Паспорт ауыстыру. 
•    Зейнетақы төлемін тағайындау. 
•    Алдын ала egov.kz порталында рәсімделген қызметтердің нәтижесі. 

ХҚКО-ға бару үшін алдын ала кезекке тұру керек. Оны egov порталы арқылы іске асыруға болады. 

1.    «Кіру» батырмасын басып, одан кейін «Бір реттік пароль» енгізу жолын таңдайсыз. Ол үшін өз ЖСН және телефон нөміріңізді енгізу керек. әрі қарай телефонға келген СМС-хабарламадағы кодты жазасыз. 

Безымянный.jpg

2.    «Сервистер» бөлімінен «ХҚКО-на электронды кезекті брондау» батырмасын басу керек. 

2.jpg

3.    «Онлайн сұрауды» басып, ЖСН енгізіп, өңірді және ХҚКО-ны таңдайсыз. 

Без имени.jpg

4.    Барлығын дұрыс толтырған соң, «Брондау» батырмасын басасыз. Сәлден соң сізге сәтті бронь жасағыныңыз туралы СМС-хабарлама келеді. 

Осылай алдын ала кезек жасаған азаматтар медициналық тексеруден өту үшін брондалған уақыттың басталуына 30 минут қалғанда ХҚКО-ға келу керек. Азаматтың қолында өзімен бірге жеке куәлігі немесе паспорты болғаны жөн. 

Жоғарыда айтылған өзгерістер авто ХҚКО-ларға да тікелей қатысты.