Биыл елімізде 31,3 млн тонна мұнай өндірілді

Жарияланды
Бұл жоспардың 102,6%-ын құрайды

Биыл Қазақстанда 31,3 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады, – деп хабарлайды primeminister.kz.

Энергетика министрінің айтуынша, есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 31,3 млн тоннаны құрады, бұл жоспардың 102,6%-ы немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106% құрайды. Мәселен, Теңіз кен орнында мұнай өндіру өсімі 4,1%-ды, Қашағанда – 11,5%-ды, Қарашығанақта өндіру көлемі бір деңгейде сақталып отыр.

Мұнай өңдеу көлемі 5,2 млн тоннаны құрады, бұл жоспардың 96,3%-ын құрайды.

«Бұл сәуір айында Павлодар мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты қызметін уақытша тоқтатуына байланысты», – деді Н. Ноғаев.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, қазақстандық МӨЗ жұмысына Ресей Федерациясынан жанар-жағар май материалдары импорты, Қазақстаннан алыс және таяу шетелдерге ЖЖМ экспортын қамтамасыз ету, кеден баждары мен акциздерді реттеу, бензин мен дизель отынын мемлекеттік материалдық резервке алу тұрғысынан мемлекеттік комиссияның шешімдері оң әсер етті.

Мұнай экспорты 25,3 млн тонна, бұл жоспардың 115%-ын құрайды. Газ өндіру 20,2 млрд м3, бұл жоспардың 103% құрайды. Табиғи газ экспорты 5,6 млрд м3 құрады.

Осы жылдың 4 айында 37,1 млрд кВт/сағат өндірілді.

«Бүгінгі таңда барлық өңірлерде жылыту маусымы аяқталды. Маусым ауқымды апатсыз өтті», — деді Н. Ноғаев.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді төмен бағамен отынмен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 386 600 тонна дизель отынын сату жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жоспардың 75,5% орындалды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз