Коронавирус пандемиясына қарамастан елімізде биылғы 4 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,9% өсті. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Бүгін, 2020 жылғы 12 мамырда еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланған Үкімет отырысына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындылары жөнінде баяндады.
Осы мерзімде коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,9%, оның ішінде тау-кен өндіру – 6%, өңдеу – 7% өсті.
Тау-кен өндіру секторында құрамында алтын бар кен өндіру көлемінің өсуі есебінен түсті кен өндіру 3,4% ұлғайды. Темір кенін өндірудің өсуі өткізу нарықтарын дәстүрлі елдерден Қытай нарығына қайта бағдарлау есебінен 15,8% құрады. Көмір мен лигнит өндіру көлемі 102,1% болды.