Жаңалықтар

Бізде бай кім? Кедей кім? Президент айтқан жаңа салық жүйесі қаншалықты әділетті?

Жеке табыс салығының мөлшері көбейетін болды

Алматыға жасаған сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке табыс салығының жаңа прогрессивті шкаласын енгізу туралы тапсырма бергенін айтты. 
«Әділдік тұрғысынан ерте ме, кеш пе осы мәселеге келетініміз анық еді. Прогрессивті бағалаудың мәні мынада – аз жалақы алатындар аз төлейді. Ал өте көп табатын және біздің шарттарымыз бойынша бай деп есептелінетін азаматтар көбірек салық төлеуі тиіс.  Менің түсінігімде, егер адам 200 мың теңгеге дейін табыс тапса ол 10 пайыз емес, 7 пайыз салық төлеуі керек. Бұл мәселені үкіметтің жұмыс комиссиясы шешеді. Орта класс бұрынғыдай 10 пайыз салығын төлей береді» деді президент.

Тоқаевтың айтуынша, 10 пайыздық салық мөлшері – орта тап үшін нақты деңгей. Яғни, орта тап – 300 мың теңгеден бастап 1,5-2 млн-ға дейін табыс табатындар. 

«Жылына 25 миллионнан артық ақша табатындар 10 пайыздан көп салық төлеуі керек. Олардың қанша сома төлейтінін де комиссия шешеді. Бұл 13 немесе 15 пайыз болуы мүмкін. Біздің елімізде табыс салығы 15 пайыздан аспауы керек деп есептеймін» деді Тоқаев. 

Президенттің бұл мәлімдемесі Фейсбук әлеуметтік желісінде де қызу талқыға түсті. Zertteu Research Institute сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттің сөзінше, салық жүйесі дұрыс жоспарлануы керек. 

«Негізі табысына қарай төлеу жүйесін толық қолдаймын. Бірақ ол дұрыс жоспарлануы керек. Үш жүз мың деген көп айлық емес теңгенің құнын ескерсек. Анау лимитке кіру үшін айлықтың қалған бөлігін конвертпен, бонуспен беру сияқты жолға кету ықтималы өте жоғары. Бұл – көлеңкелі экономиканың бастауы. Айналып келгенде жинағың келген салықты ала алмауың мүмін» деп жазады ол. 

Ал белсенді Мұхтар Тайжан бұл бастаманың кемшіліктерін тізбелепті. Жоғары жалақы алатын адамның бюджетке көп салық төлеуі үшін прогрессивті табыс салығы керек емес деп есептейді. 

«1 млн теңге еңбекақы табатын Азамат 10 пайыздық салық мөлшерлемесімен бюджетке 100 мың теңге төлейді. Ал, 100 мың теңге айлық алатын Асқар бюджетке 10 мың теңге салық төлейді. Әділ ме? Әділ. Енді Үкімет не істегісі келіп отыр? Прогрессивті салық енгізілгеннен кейін Азамат енді 300-400 мың теңге төлеуге мәжбүр болса, ал, Асқар сол баяғы 10 мың теңгесін төлеп қойып жүре береді. Әділ ме? Жоқ. Бұлай болса Азамат не үшін ашық жолмен тапқан ақшасының үштен бірін, одан да көп бөлігін салықшыларға аударуға тырысады? Оқыған, ақыл-есі дұрыс адам ретінде Азамат 1 млн теңге табысының 300-400 мың теңгесін салық ретінде төлемейді, басқа жол іздейді. Сөйтіп, 5 туысын өз кәсіпорнына жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тіркейді де, заңды түрде бұрын төлеп келген 10 пайыздың орнына 3 пайыз мөлшерлемемен салық төлейтін болады. Яғни, бюджет мына «жаңалыққа» дейін Азаматтың айлығынан ұстап келген салықтан 7 пайыз жоғалтады. Бұл – қарапайым тілмен айтқанда «қисық Лаффер» тұжырымдамасы, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Экономикада салықты көбейтудің шегі бар, сол шектен кейін бюджетке түсетін нақты түсімдер кеміп кетеді (оның себебі көп, оның ішінде өндірістің құлдырауы да бар). Еңбекақы төлеу қоры (ФОТ) салығын өсіру – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтудың ең қарапайым және ақымақ әдісі.

Біздің үкіметтегі ғұлама экономистердің жоспары орындалып, елдің бәрі прогрессивті салық төлеп кеткен күннің өзінде бюджет бар болғаны 0, 00001 пайызға ғана толығады. Ал, міндетті түрде болатын салық әкімшілігіне кететін мемлекеттік шығындардың өсетінін ескерсек, мұның барлығы бекерге кетеді, тіпті минусқа кіреді. Онда осы қиын кезеңде бюджет кірісін қалай өсіруге болады? Оның жолы оңай. Бар болғаны – салық кодексінен шикізат секторы, банк секторы, көлік, біздің «автомобиль зауыттарымызға» ұсынылған барлық жеңілдіктерді алып тастау керек. Біздің сСалық кодексіміз ірі кәсіпорындардың пайдасына жұмыс істейді ғой. Шағын кәсіпорындар қысым көруде, ал ірілері салық жеңілдіктерін пайдаланады. Міне, әлеуметтік әділдікті қайдан іздеу керек?!» дейді Мұхтар Тайжан.

GSB зерттеу орталығының сарапшысы, қаржыгер, кәсіпкер Әділет Бағдат Kursiv.kz тілшісіне берген сұхбатында Фейсбукте жарияланған пікірлерде жаңсақ ой, ұшқары логика бар екенін айтты. 

«Жалпы, прогрессивті салық дәл қазір емес, оны енгізу шамамен 2022 жылға қарай жоспарланған. Қазір халықты соған дайындап жатыр. Соңғы үш жылдықта салықтан босату режимі жасалып жатыр. Оның басты мақсаты да – көлеңкелі экономикадан арылып ашықтық позициясына шығу. Тіркелмеген кәсіпкерлер тіркеліп, жұмысшыларын да тіркеп, табысын көрсете бастайды. Осыдан соң кәсіп бастайтын заңды тұлғалардың саны өсіп, өнім көлемі артуы керек. Тиісінше, бұл өсім шағын және орта бизнеске серпін береді. Міне, сол кезде барып прогрессивті салықты енгізу ойға сыйымды» дейді ол. 
 

Сондай-ақ сарапшы, Мұхтар Тайжанның математикалық есептеуімен және пікірімен келіспейтінін де жеткізді. 

«Дәл қазір ешкім бізге Еуропаның салық жүйесін енгізейін деп жатқан жоқ қой. 30-40 пайыз салық ұстау үшін бізге әлі уақыт керек. Президент салық мөлшері 15 пайыздан аспайды деді. Әрине, 150 мың теңге бұрынғы 100 мыңға қарағанда көбірек. Бірақ 2022 жылға дейін де қандай өзгерістер болатынын білмейміз. Егер салық жүйесі өзгеріске ұшырайтын болса онда тек табыс салығы ғана емес бірге басқа да салықтар қарастырылады. Жалпы, соңғы 6-7 жылдан бері республикалық бюджет тапшылықты қана сезініп келе жатыр. минуста. Өйткені біздің табатын табысымыз аз, шығынымыз көп болып тұр. Бюджеттік түсімдердің аз болуы салықтық реформаларды қайта қарастыруға алып келеді. Әрине, салықтық реформа сәл кейінірек, алдын ала терең ойластырылып барып жасалатын шығар. Ал әлгінде айтқан салықтан босату шарасы – кәсіпкерлерді ынталандыратын өте жақсы жағдай» дейді сарапшы.

Блогер Алмас Алтай осыған дейінгі 450 мың алатын адам мен 45 мың алатын адамның бірдей салық төлеп келуіне нағыз әділетсіздік деп баға беріп Тоқаевтың мәлімдемесін «алдағы дағдарысқа дайындықтың қазірден басталғаны һәм әлеуметшіл президенттің халық жағдайына қанық екені» деп бағалайды.  

Желі белсендісі, блогер Алмас Тоқабаев жаңа салық жүйесін былай түсіндіреді. 

«300 мыңнан кем алатындар көпшілік. Мұғалім, дәрігерден бастап орта буын клерктер айлығы одан аз болмаса, көп емес. Демек 3 пайыз үнемдейді.
Нейтрал: 2 млн-ға дейін айлық алатындар бұрынғыдай төлейді, ештеңе өзгермейді.
Пайдасы: Міне қызық осында жатыр. Әлгі пәленбай млн бонус алатындар, байшікештер бар еді ғой, соларға арналған жүйе бұл. Үстеме 5% былай аз көрінгенмен, Қазақтелеком бастығы алатын 243 000 доллардан ұсталса әжептәуір сома.
Не үшін керек: Бұл байларға «барыңмен бөліс» деген месседж. Әйтпесе аз-мұз табысы бар бізге келіп-кетері жоқ. Бұрынғыдай, әйтпесе одан аз төлей береміз. Ал қазір шуласақ байлардың сойылын соққандай боламыз. Кім біледі, соғып жүргендер де бар шығар…» деп жазады ол.

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев президент тақырыпты қоғам ортасына тастады, сөйтіп бұл мәселеге көпшіліктің қалай қарайтынын білгісі келді дейді. Бұл тұрғыда ол Тоқаевты прагматик саясаткер деп бағалайды. 

Еске салсақ, 7 мамыр күні президент «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.