Жаңалықтар

Митинг туралы заң тағы да шикі болып шықты

Аты шулы заңды сенаторлар Мәжіліске кері қайтарды

Бүгін Сенат қабырғасында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қызу талқыға түсті деп хабарлайды www.Kursiv.kz сайты. Ақпарат Сенаттың баспасөз қызметінің телеграм арнасынан алынды. 

Сенат отырысында баяндама жасаған Сәрсенбай Енсегеновтың айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлiгi дайындаған Заң жобасына ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргiзу барысында 422 қателiк табылған.

«Екiншi оқылымға дайындау барысында қазақ тiлiнде тағы да  бірнеше қателiктер анықталды. Олар Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты Регламентiнiң 45-тармағына сәйкес түзетiлдi.Бұған жәй үйреншiктi жағдай деп қарауға, көңiл аудармай өтуге болмайды деген ойдамын»- деді сенатор Сәрсенбай Енсегенов.
Сонымен сенатор митинг туралы заңда біраз шикіліктердің барын анықтаған. 

Бас комитет Сенаттың заңнама, редакциялық-баспа бөлiмдерiмен бiрлесе отырып Заң жобасының жекелеген баптарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет деген тоқтамға келдi. 
Комитет Заң жобасындағы алты бапқа байланысты он алты ұсынысты орынды деп санап, оларды салыстырмалы кестеге енгiзiді.  

Бұл ұсыныстардың бiр тобы Заң жобасының 5 бабы 2-шi тармағындағы бейбiт жиналысты ұйымдастырушының мiндеттерi мен осы баптың 3-шi тармағындағы бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тыйым салу негiздерiн қамтитын, сонымен бірге 6 баптың 3-шi тармағындағы бейбiт жиналысқа қатысушының әрекетiне тыйым салу туралы тармақтарға қатысты.

 
Мысалға: Заң жобасында ұйымдастырушыға бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде бейбiт жиналысқа қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануды талап етуге мiндет қылып жүктеген. 

Сол сияқты, бейбiт жиналысты өткiзу кезiнде ұйымдастырушыға бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салу белгiленген.

 
Комитет ұйымдастырушыға мiндеттелiп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Бұл белгiлi бiр деңгейде бейбiт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану құқығын шектейдi. 

Осындай негiзбен Заң жобасындағы бейбiт жиналысқа қатысушының денсаулығын сақтауға бағытталған жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн толықтыру ұсынылуда. 
Заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар болды, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түстi.
Комитет астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген пiкiрде.
Бұл жиналыстар мен митингiге, тосқауыл қоюга қатысушылардың «көрiну және естiлу» және оларды өткiзу мүмкiндiгiн арттырады.
Аталған ұсыныс Заң жобасының осы мәселенi реттейтiн 9 бабының 2-шi тармағына қосымша екiншi бөлiк ретiнде енгiзiлген.
Сонымен бірге, Заң жобасының бейбiт жиналыстар өткiзуден бас тарту негiздерiн айқындайтын 14 баптың 1 тармағының 10 тармақшасын алып тастау ұсынылады.
Бiздiң ойымызша бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тiршiлiктi қамтамасыз етуге байланысты мәселелер арнайы орындарды белгiлеген кезде қаралып ескерiлуi керек.
Бейбiт жиналыстарды тоқтату негiздерi мен тәртiбi 18 бапта көзделген.
Осы баптың 1 тармағының 3 тармақшасына сәйкес:- бейбiт жиналыстарға қатысушылардың күш қолдану әрекеттерiн жасауы, сондай-ақ бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының бейбiт жиналысты ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiне қатысты осы Заңының талаптарын бұзуы бейбiт жиналысты тоқтатуға негiз болады. 
Жеке немесе бiрнеше адамның Заң талаптарын бұзған жағдайда жалпы бейбiт жиналысты тоқтату тым қатал және ол аз ғана топтың әрекетi үшiн көпшiлiктiң құқын шектейдi.
Заң бұзушылық жойылған жағдайда бейбiт жиналыстарды жалғастыруға мүмкiндiк беру дұрыс деген ойдамыз. 
Сондықтан жоғарыда аталған норманы алып тастау және 18 бапты жаңа 4 тармақпен толықтыру ұсынылады,-деді сенатор Енсегенов.
Аталған заң жобасына түзетулер  енгізген сенаторлар аты шулы жобаны Мәжіліске қайта қайтарды.