Бүгін Павлодар әуежайына Токио-Сеул-Павлодар бағытымен ұшып келген эвакуациялық борт қонды. Әуе кемесіндегі жолаушылардың барлығы біздің отандастарымыз. Бұл туралы мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Токиодан ұшар алдында азаматтар термометриядан өткен, елге оралған кезде оларды арнайы қорғаныс костюмін киген эпидемиологтар, медицина қызметкерлері мен барлық қажетті қызмет мамандары қарсы алды.
Іс-әрекет алгоритміне сәйкес, шетелден келгендерден сауалнама алынып, термометрия жүргізілді, оларға қорғаныс маскалары берілді. Жүк пен әуе кемесі арнайы дезинфекциялық өңдеуден өтті.
Барлығынан COVID-19-ға анализ алынды, нәтижесі белгілі болғанға дейін жолаушылар карантиндік госпитальде болады.
156 адамды тасымалдау үшін 7 автобус ұйымдастырылды, олар полицияның сүйемелдеуімен межелі орынға жеткізілді.
Коронавирус инфекциясының белгілері анықталған жағдайда пациенттер жұқпалы аурулар госпиталіне жатқызылады.