Мақтаарал ауданының Нұрлыжол, Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Достық және Жеңіс ауылдарынан жалпы 8 455 м3 су шығарылған. Нәтижесінде Жаңатұрмыс ауылында су деңгейі 3 см төмендеп – 50 сантиметрді, Жеңіс ауылында 3 см кеміп – 50 сантиметрді, Фирдауси ауылында 4 см төмендеп –44 сантиметрді, Өргебас ауылында су деңгейі 10 см құраса, Достық ауылында су 4 см кеміп, 44 сантиметр деңгейінде қалып отыр, деп хабарлайды Түркістан облысы баспасөз қызметі.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 1626 адам, 17 дана қайық, 324 бірлік техника, 217 дана су сорғылар жұмылдырылған.
Сонымен қатар,облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бастаған мамандар Мақтаарал ауданындағы су басқан аймақтардағы залалсыздандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын қатаң бақылауға алыпты.
Сонымен қатар, тасқын судың астында қалған мал өлексесі сыртқа шығарылып, арнайы пеште өртелуде. Зиянды қалдықтарды 1200 градус температуда өртейтін пеш Нұр-Сұлтан қаласынан алдырылған.
Бүгінгі күнге дейін су астында қалған ауылдардан 908 бас үй жануарларының өлексесі шығарылды. Олардың ішінде 856 ұсақ мал, 39 ірі қара, 7 жылқы, 6 түйе бар.
Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринариялық шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Тағаев Арманның айтуынша,өлген малдан тазартылған аумақтарды жағымсыз иіс пен зиянды қалдықтардан арылту үшін 219 тонна арнайы дәрі себу арқылы залалсыздандыру жүргізіледі.
«Қазіргі таңда ол дәрілердің 100 тоннасы жеткізілді. Ауа-райы қолайсыздық тудырмаса 5 күн ішінде 4 миллион 188 мың шаршы метр аумақты дәрілеу жұмыстары жүргізіліп бітеді деп жоспарлануда,– дейді маман.
Дегенмен, су астынан шыққан мал өліктерінің көпшілігі Өзбекстан Республикасына тиесілі болғандықтан оларға арнайы мал ауруларына арналған вакцина егілгені жөнінде мәлімет жоқ. Сондықтан, ондағы мал өліктерін жеп, ауру тарату қаупі туындап, сол аймақтағы иттердің де көзін жою жұмыстары егелеріне ескерту арқылы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, топан сумен бірге ағып келген балықтардың да сынамалары алынып, балық инспекциясы лабороториялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу нәтижелері анықталғанша балық аулауға рұқсат берілмейді.
Бұл жұмыстардың барлығына арнайы техникалар жұмылдырылған Аауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауданда сібір жарасының ошақтары тіркелмеген.