Карантин кезінде қалай және қайдан жақсы жалақысы бар жұмыс табуға болады?

Жарияланды
Онлайн платформа жаңарды

Коронавирусқа байланысты елімізде карантин жариялануы көптеген адамның табысынан айырылуына әкеліп соқты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың өзі жыл соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан асатынын болжаған болатын. Бірақ ведомство жұмыссыз азаматтардың кәсіп игеріп, нәсіп табуы үшін мүмкіндіктер жасайтынын да айтқан болатын. 

Осы орайда азаматтардың жұмыс іздеп, өзіне ыңғайлы кәсіп түрін таңдауына мүмкіндік беретін онлайн платформа бұрыннан жұмыс істеп тұрған еді. Енді сол бірыңғай мемлекеттік еңбек биржасы қазіргі талаптарға сай жаңартылды. Бұл туралы вице-министр Нариман Мұқышев желідегі парақшасында хабарлаған. 

«Ыңғайлы және ұтымды интуициялық интерфейс азаматтардың порталдар мен сервистерді қолдануы үшін өте маңызды деп ойлаймын. Осылайша біз азаматтардың мемлекетпен цифрлы форматта қарым-қатынас жасауын жеңілдетеміз. Мұндай жұмыстарды біз enbek.kz сайтында жүргізіп жатырмыз. Сайттың басты бетінде жұмысқа орналасу бойынша азаматтардың бірнеше категориясы жіктелген: 
– Жұмыссыздар; 
– Жастар; 
– Ерекше қажеттілігі бар адамдар; 
– Жалдамалы жұмысшылар; 
– Жұмыстан босатылған жұмысшылар (штат қысқаруына байланысты немесе жұмыс беруші бұйрығымен жұмыссыз қалғандар); 
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға; 
Сізді қызықтырған категорияны таңдау арқылы мемлекеттің нақты қандай сала бойынша қандай жұмыс түрлерін ұсынып отырғанын біле аласыз. 
Жұмыспен қамту шаралары техникалық және кәсіби оқытуды, қысқа мерзімді оқытуды, «Бастау Бизнес» жобасын, несиелеуді, ыңғайлы вакансиялар іздеуді, жастар практикасын, тағы да басқа мүмкіндіктерді қамтиды» деп жазады вице-министр. 

Аталған порталда жұмыс табу үшін алдымен тіркелу қажет.  Ол үшін «кіру» батырмасын басасыз.
111.jpg

Тіркелу жолақтарын толтырғаннан кейін сіздің электронды почтаңызға тіркелу рәсімін растайтын сілтеме жіберіледі. 

222.jpg

Сол сілтемені басу арқылы сайтқа қайтадан кіресіз. 

333.jpg

Әрі қарай өзіңіз қалаған категорияны таңдай отыра, көңіл қалауыңызға орай жұмыстарды таба аласыз.
444.jpg

Қазір электронды еңбек биржасында 204 059 жұмыс беруші; 994 241 жұмыс іздеуші;  54 жеке агенттік; 4 БАҚ; 7 онлайн-алаңы ресми түрде тіркелген. Қазірге дейін 44 608 бос жұмыс орыны, 153 349 түйіндеме ұсынылып, 96 757 адам жұмысқа орналасқан. Оның 45 818-і тұрақты жұмыс тапса, 50 939-ы уақытша жұмысқа кірген. 

Белгілі заңгер Бибігүл Нұрашева мұны қазақстандықтар үшін ыңғайлы мүмкіндік деп санайды.

«Жұмыссыз қалған әрбір адам мұны пайдалануы тиіс. Жаңа білім алу ешқашан кеш емес. Оның үстіне бүкіл әлемде қиындық туындап, вируспен арпалысып жатқан мезетте. Көптеген ұйымдар штатын қысқартты, біразы қысқартуды жоспарлап отыр. Мұндай жағдайда уайымға берілмей, өз-өзіңді қолға алып, жаңа білім игеріп, керек болса мамандығыңды түбегейлі өзгерту қажет. Бұл әсіресе, өзі қаламаған жұмыс істеп жүргендер үшін ерекше маңызды. Министрлік осындай мүмкіндік ұсынып тұрғанда оны кәдеге асырып, жаңа кәсіп меңгеріп, деңгейлеріңізді де, жалақыңызды да жоғарылатып алыңыз. Карантин кезінде жұмыссыз қазақстандықтар жаңа білімді қашықтан игерсе де болады» дейді ол. 
 

Сондай-ақ оқыңыз