«7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламаларының 7 мыңнан астам қатысушысы төлемдерін кейінге қалдыру үшін банктерге жүгінді. Бұл туралы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ хабарлады.
Елде төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламаларының 6887 клиенті үшін жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асатын ай сайынғы төлемдер кейінге қалдырылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі коронавирустық пандемия салдарынан қиын жағдайға тап болған қарыз алушыларға қолдау көрсету мақсатында ипотекалық несиелердің төлемдерін шегеруге шешім қабылдаған болатын.
Шегеру негізгі қарызды және (немесе) сыйақыларды айыппұлдар мен өсімпұлдарсыз кейін өтеуді көздейді және қарыз алушылардың несиелік тарихын бұзбайды.
Банктер төлемдерді кейінге қалдыру бойынша азаматтар өтінішін 2020 жылдың 15 маусымына дейін қабылдайды.
Ұлттық банктің ипотекалық бағдарламалары бойынша бүгінгі күні 38 065 отбасы үйлі болды. Оның ішінде 14 824 несие «7-20-25» бағдарламасы бойынша, 23 241 несие «Баспана хит» бағдарламасы бойынша берілді.