Жаңалықтар

«Арамшөппен күресудің жолы көп». Маман ауыл шаруашылығына аса қажет дәрі-дәрмектерді қайдан алуға болатынын айтты

«БАСФ Центральная Азия» компаниясының техникалық қолдау маманы Нариман Масалиевпен сұхбат

«БАСФ Центральная Азия» компаниясы – әлемдік химия нарығы саласындағы көшбасшы ұжымның бірі. Олар әртүрлі химикат, оның ішінде индустриалды,  мұнай-газ, экология және ауыл шаруашылығы саласында белсенді өндіріс ошақтарын құрып отыр. Компания еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан нарығында қызмет көрсетіп келе жатыр. Спикеріміз Нариманмен компанияның ауыл шаруашылығындағы маңызы, қазіргі көктемгі егіс жұмыстары қарсаңындағы ерекшеліктер жайында сұхбат құрдық. 

– Нариман, сөз басын компания жайлы мәліметтен бастасақ?

– Біздің компания тікелей өндіруші болып саналады. Ауыл шаруашылығы үшін негізінен пестицидтер (түрлі ауру, арамшөп және зиянкестермен күресуге арналған құралдар) шығарады. Ол арамшөп, зиянкес және аурулармен күресуде үлкен рөл атқарады. Пестицидтерден бөлек  біздің компаниямызда жоғары сапалы күнбағыстың, рапстың, мақтаның және түрлі көкөністердің тұқымдары бар. Ал компания Қазақстан нарығын пестицидтармен қамтамасыз ету жағынан алғашқы төртікке кіреді. Шығыс пен солтүстік үшін де жақсы танымалмыз, оңтүстік өңірде де белсенділігіміз жоғары. Компанияның өндіріс зауыттары Германия, Испания, Франция, АҚШ, Ресей елдерінде орналасқан. Қажетті өнімдерді тікелей сол жақтан алдырамыз. 

– Егіс алқабына қажетті ең маңызды дәрі-дәрмектер қандай?

– Дәрі-дәрмектер ауыл шаруашылығы үшін өте керек нәрсе. Мәселен, Алматы облысы, Сарқан ауданында гербицидтер өте қажет. Гербицид – арамшөптерді өлтіретін дәрі ғой. Мұнда негізінен қызылша мен майбұршақ көп өсіріледі. Қызылша мен майбұршақ егістігіндегі негізгі кедергі – арамшөп. Мұндағы фермерлермен тығыз жұмыс істейміз. Қазір біз Сарқанда жүрміз және мұндағы майбұршақ егісіне гербицид қолданып жатырмыз. Майбұршақ егістігінде қолданылатын гербицидтердің  ішіндегі көпшілік фермерлерге танымал біздің өнім – Базагран деп аталады. Күздік бидай егісінде ауруларға қарсы қолданылатын Рекс дуо  деген фунгицидіміз бар. Оны бәрі жақсы көріп, жақсы пайдаланады, ал солтүстіктегі қолданысы өте жоғары. Биыл елімізде біздің  жаңа бір өнім пайда болды. Атауы – Систива. Ол да фермерлер үшін өте тиімді. Жалпы, кез-келген заттың мерзімі өте бастаса көгеріп кетеді ғой. Нан да, киім де көгереді. Яғни, ол жерде саңырауқұлақ пайда болды деген сөз. Ол – ауру. Есік алдындағы қызанақ пен қиярдың жапырақтарының түсі өзгеріп жатса,  ол қоректік элемент  жетіспей жатуынан болуы да мүмкін. Астық дақылдары үшін бірінші проблема – арамшөп болса, екіншісі – аурулар. Өйткені солтүстік өңірлерде жауын-шашын көп болғандықтан саңырауқұлақ аурулары жиі пайда болады. Сондықтан олар бірінші тұқымды дәрілейді, ол дәрі бидай өсіп түптенгенге дейін сақтап береді. Одан кейін жапырақтарына аурулар түсе бастайды. Ал Систива астық дақылдарын ұзақ уақытқа дейін сақтап, ұзақ мерзімге дейін күш береді. Мұның ұтымды тұсы көп. Өйткені қатты жауын жауып тұрса фермер егістікке техникамен кіре алмайды. Кірген күнде де қаншама гектар жерді аралап, бәрін бақылап, дәрі сеуіп шығу да қиын. Сондықтан систива көп көмек береді. Бұл өнімді қолдануды биыл бастадық.

– Пандемия сіздердің кәсіпке кедергісін келтірді ме?

– Карантин бізге де  әсерін тигізді.  Біздің логистик мамандар өнімдерді Қазақстанға алып келіп, кедендік рәсімдеу жасап үлгерді. Сондықтан қазір сатылым еркін жүзеге асып жатыр. Бірақ бір айдай Алматы қаласынан шыға алмай қалдық. Сол себепті, жыл сайын жасайтын тәжірибелерімізге кешіктік. Қазір өңірлерге баруға рұқсат алып, жұмыстарымызды бастап жатырмыз. 

– Арамшөппен күресу үшін ерте көктемде, алқапқа олар шықпай тұрып себілу керек пе дәрілер? 

– Оңтүстікке қарағанда солтүстік облыстарда бұл әдіс жиі қолданылады. Селективті гербицидтер де  бар. Мысалы, бидайдың арасында арамшөп өсіп тұр делік. Соған арналған дәріні шашқан соң, арамшөп өледі де, бидай аман тұра береді. Ал сіз айтқандай егіс басталмай тұрып себілген дәрілер арамшөптерді жаппай өлтіреді. Сөйтіп, біржола тазалап алып, егу жұмыстарын бастайды. 

– Жаңадан бастаған, әлі бір ізге түсе алмай жүрген шаруашылықтар да бар ғой. Олар сіздердің өнімдерді қай жақтан және қалай ала алады?

– Біз күзге дейін егіс даласында жүреміз. Жалпы, тәжірибе жасаудағы мақсатымыз – дәрінің тиімділігіне фермерлердің көздерін жеткізу. Жеке өзім бірнеше облыста ондаған тәжірибе жасап шығамын. Күзде солардың мәліметтерін жинау арқылы есеп жасап, соған байланысты жаңа жылдан соң қаңтар, ақпан айларында аудандарда қыстық семинарлар өткіземіз. Сол кезде фермерлерді шақырып, оларға өз өнімдерімізді таныстырып, жасаған тәжірибеміздің жетістігі мен кемшіліктерін түсіндіріп, тәжірибе бөлісеміз. Фермерлерді өзіміз тікелей шақырғаннан бөлек, ресми дистрибьюторларымыз және ауыл шаруашылығы департаменттері арқылы да шақырту жібереміз. Әлеуметтік желі арқылы да жұмыс жүргіземіз. Сондықтан бәрі тегіс құлақтанады. Ал семинарлар тегін болады. Ал гербицидтерді, басқа да дәрі-дәрмекті алу бойынша фермерлер тікелей дистрибьюторларға хабарласса болады. Олар республика бойынша жұмыс істейді. 

– Бізде егістік жерлерді пайдаланудың белгілі бір шарттары бар ма? Бір егістік алқаптың өнімділік мерзімі қанша жыл?

– Ауыл шаруашылығында «ауыспалы егіс» деген түсінік бар. Жерді ауыстырып отырмаса топырақ құнарсызданады, өнім азаяды. Әр дақылдың биологиялық ерекшелігі, әрбірінің жақсы көретін элементі бар. Яғни, әр дақылдың өсіп-жетілуі үшін азот, фосфор және калийден бөлек түрлі микроэлементтер қажет. Ал бір жерге бір дақылды жыл сайын еге берсек топырақ құрамындағы элементтер қорын азайтып аламыз. Бірақ топырақ құлдырағанымен, қалпына келе алады. Оның өзін ауыспалы егіс арқылы құтқарамыз. Бірнеше танапты ауыспалы егіс болуы мүмкін. Мәселен, Сарқанда қызылша, соя, арпа ауысып егіледі. Бірінен кейін бірін алмастырып отырады. Сосын пар деген заңдылық бар. Бұл солтүстікте міндетті талап. Яғни, жерге ештеңе екпей бір жыл бос қалдырады. Сөйтіп, келесі жылы келесі танапты бос қалдырады. Солай бәрін аралап ауыстырып егіп шығады. 
Ауыспалы егіс арамшөптермен күресу үшін де тиімді. Бір дақылды еге берсеңіз арамшөптер де қатты дамып кетуі мүмкін. Мысалы, жүгеріден кейін арамшөппен күресу өте ыңғайлы. Қысқасы, ауыспалы егіс бір жағынан құнарды сақтаса, екінші жағынан арамшөп, зиянкестермен күресте біраз жеңілдік сыйлайды. Дақыл жапырағындағы аурулар кейде топырақта қыстап шығады. Сөйтіп, келер жылы сол жерге тағы да сол дақыл егілсе, ол одан сайын қатты ауыратын болады. Өйткені аурулардың өзі бөлінеді. Бір аурулар бір дақылды жақсы көріп, соны айналшықтай береді. Сондықтан дақылдарды жиі алмастырып отыру – аурудан құтылудың жолы. Көкөніс дақылдарының ауыспалы егіс заңдылықтары басқаша. Мынадан кейін мынау егіледі дегендей. Ол кәдімгідей университетте оқытылады. Бірақ оңтүстікте алқаптың есін жиғызып алатын дақыл – жоңышқа болып саналады. Тағы бір заңдылық бар: егер сіз тұрақты өнім алғыңыз келсе – арамшөппен күресесіз, ал жоғары өнім алғыңыз келсе – тыңайтқыш қолдану керек. 

– Дәрі-дәрмектер сатылымы қай кезде белсенді жүргізіледі?

– Жаңа жылдан бюджет, бағалар қайта қаралып, жаңа баға белгіленеді.  Сөйтіп, сатылым қыстан басталып, жазға дейін белсенді жүреді. Негізінде фермерлер алдын ала алып, қоймаларына жинап тастайды. Гербицидтер 3 жылға дейін жарамды.