Пандемия кезінде ең ауыр зардап шегіп жатқан саланың бірі – туризм. Қазақстан туристік қауымдастығының хабарлауынша, қазір бұл саланың жұмысы мүлде тоқтап тұр. Қашан жанданаты тағы белгісіз. Осы орайда сарапшылар журналистердің маңызды сауалына жауап берген. Бұл туризмге қатысты алдыңғы материалымыздың жалғасы екенін еске сала кетейік.
• ЖАҚЫН АРАДА ҚАНДАЙ ТУРЛАР САТЫЛЫМҒА ШЫҒАДЫ?
Әсем Қозыбағарова, «SkyWay Travel» ЖШС директоры:
Біз әзірге ішкі турларға жолдама сата алмаймыз. Дегенмен демалыс күндеріне алдын ала сатылымдарды бастадық. Ол бойынша Алакөлге билет алуға болады. Сондай-ақ Ақтаудағы жағалауда орналасқан Риксос отелі де жұмысын бастады. Бірақ қала мен шекаралар әлі жабық болғандықтан нақты уақытын айта алмаймыз. Сырттан келетін туристер бойынша да бірдеңе айту қиын. Әрине, олар жылдың екінші жартысында келе бастайды. Бірақ баяғы деңгейде емес.
• ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУРИСТІК САЛАСЫНА КЕЛГЕН ШЫҒЫН ҚҰНЫ ҚАНША БОЛДЫ?
Рашида Шәйкенова, «Қазақстан туристік қауымдастығының» директоры:
Нарық 100 пайыз жұмыс істемей тұр. Бұл нарық төтенше жағдай енгізілген кезең, яғни, наурыз айынан бастап емес, қаңтар айының екінші жартысынан бері жұмыс істеп тұрған жоқ. Әрине, елдер арасындағы шекара жабылды, әуе рейстері шектелді, қалалар тұрмыс-тіршілігі тоқтады, адамдардың табысы азайды немесе тоқтады… Сондықтан нарық жұмыс істеуін тоқтатты. Сол себепті, 100 пайызға жұмыс істемей тұр деп айтуға толық негіз бар. Әрине, жағдайға байланысты нарықтағы ойыншылар азаяды. Олар көбіне тур-агенттіктер. Өйткені, олар кішкентай құрылымдар.
• НАРЫҚ ҚАШАН ҚАЛПЫНА КЕЛЕДІ? БОЛЖАМ БАР МА?
Әсем Қозыбағарова, «SkyWay Travel» ЖШС директоры:
Біздің ойымызша, бір жылсыз қалпына келуі қиын. Әлбетте, ішкі туризм жаз айларына реттеліп, ең кем дегенде 50 пайыздай қалпына келуі мүмкін. Өйткені, адамдар бәрібір демалуды қалайды. Ал сыртқы туризм бойынша жағдайдың реттелуі қиын.
• ҚАЗАҚСТАННАН ЫСТЫҚКӨЛГЕ ЖАЯУ ЖОЛМЕН ӨТУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕ МЕ?
Дәурен Валиев, «Хан Тенгри» «Халықаралық альпинистік лагерінің» атқарушы директоры:
Трансшекаралық маршруттар бойынша үкімет аралық келісім бар. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен шекара қызметі бұл жобаны мақұлдап, 2018 жылы шілде айында Қырғызстанға дипломатиялық нота жолдаған. Бірақ содан бері бірнеше рет үкімет аралық комиссия құрылса да бұл мәселе шешімін таппады.
• ТУРЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ, ӘЛДЕ БАҒА СОЛ КҮЙІНДЕ ҚАЛА МА?
Әсем Қозыбағарова, «SkyWay Travel» ЖШС директоры:
Біз қазір барлық жеткізушілермен байланысып отырмыз. Әзірге ішкі турлар бойынша баға қымбаттамауы тиіс. Бәрі де шектеулердің қаншалықты тезірек алынып тасталуына байланысты. Ал сыртқы туризмге келер болсақ, девальвацияға байланысты қымбатшылық болуы мүмкін.
• ТУРИЗМДІ ҚАНША АҚША ҚҰТҚАРАДЫ? БҰЛ САЛАНЫ ҚОЛДАУҒА МЕМЛЕКЕТ ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛУІ КЕРЕК?
Рашида Шәйкенова, «Қазақстан туристік қауымдастығының» директоры:
Біздің саланы қолдау бойынша мемлекеттің өзіндік құралдары бар. Сондықтан бізге ақша керек емес. Жалақыға салық салу бойынша жеңілдік алып отырмыз. Қосымша құн салығы бойынша шағын және орта бизнеске ортақ жеңілдік те жасалуда. Ал біздің индустрияның көптеген ойыншылары осы шағын және орта бизнеске жатады. Бірінші кезекте виза мәселесі шешімін тапса, демалыс орындарындағы санитарлық талаптар жеңілдетілсе, әуе компаниялары көптеп тартылса, әуе кеңістігі де туризм индустриясы үшін қолғабыс етсе, шекаралар ашылса – міне, осылар біз үшін өлшеусіз көмек болар еді.