Ертіс өзені – Қазақстан мен Ресей арасында құрылыс материалдарын тасымалдаудың ең қолайлы әрі тиімді жолы. Оның дәлелі – Павлодардан Омбыға су жолымен жөнелтілген 9 тонна қиыршық тас діттеген жерге небары төрт күнде жеткен. Екі ел арасындағы тауар тасымалы теміржол немесе автомобиль жолымен жасалса, анағұрлым көп уақыт пен қаржыны қажет етер еді.
Павлодар өзен портының өкілі Виталий Крупеничтің айтуынша, биыл навигация ашылғалы Ресейден екі кеме келіп, Павлодардан екі кеме Омбыға бет алды. Барлығының тасымалдайтыны – қиыршық тас. Биыл көрші елге бұл өнімнің 200 мың тоннасын жөнелту жоспарда бар. Жол құрылысына таптырмас материал навигация маусымы аяқталғанша, яғни қарашаға дейін жалғасады.
Екі ел арасында өзен арқылы тасымалданатын жүк бұл ғана емес. Ресейліктер тарапынан құмға да сұраныс жоғары. Павлодарлық порт дәл осы құрылыс материалын өндіріп, сатып, жеткізуден табыстың басым бөлігін тауып отыр. Бірақ әзірше Ресейге жөнелтілген жоқ. Ал жақында бес карьерден алынған құмды тазалап, қаптарға бөліп салып, сатуды бастады. Бұл жергілікті дүкендерге жеткізу үшін қолайлы.
Жалпы, өткен жылы Ертіс өзені арқылы барлығы 820 мың жүк тасымалданып, оның 195 мың тоннасы Ресейге жөнелтілсе, биыл 850 мың тонна жүкті өткізіп, оның 245 мың тоннасын көрші мемлекетке жеткізу жоспарланып отыр.