Енді Қазақстанда кіші бизнеске жеңілдетілген несие беріледі. Қандай бизнес түрлері көмек алады?
19 мамыр күні Үкімет үйінде өткен брифингте ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылдың соңына дейінгі кешендік жоспарды жүзеге асыру шарасы жайлы айтқан болатын. Ведомство басшысы өз сөзінде алғаш рет микро бизнеске қолдау көрсетілетінін айтты.
«Кіші бизнес, ол – шаштараз, үй жанындағы дүкендер, кішігірім өндіріс ошақтары, наубайхана, көлік жөндеу орталықтары. Олар 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алатын болады. Егер айналымға ақша қажет болса онда несие 5 млн теңге мөлшерінде беріледі. Егер өндірістік қажеттілік туындаса несие көлемі 20 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл ретте егер кепілге қоятын мүлік болмаса онда кепіл несие сомасының 85 пайызы деңгейінде мемлекеттен беріледі» деді министр. Сондай-ақ Дәленов төтенше жағдай режимінің аяқталғанына қарамастан салық жеңілдігі жалғасатынын да айтты. «Орта және шағын бизнес үшін салық жеңілдігі – 1 маусымға дейін, сауда орталықтары, тамақтандыру орындары, басқа да нысандар үшін 1 қазанға дейін күшінде болады» деді.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Абылай Мырзахметов та микро бизнеске көңіл бөлу заман талабы екенін айтады.
«Тарихымызда алғаш рет кіші бизнеске де көңіл бөлініп отыр. Қазақстандық бизнестің 70 пайызын кіші бизнес өкілдері құрайды. Оларға алғаш рет материалдық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ отандық кәсіпкерлікке де кең көлемде назар аударылып отыр» деді Мырзахметов.
Осылайша, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына «микро және шағын бизнеске микро несие беру» атты жаңа бағыт қосылды. Аталған бағыт бойынша қаржыландыруға тезірек қол жеткізу үшін арнайы оқу форматы да іске қосылмақ.
Сәуір айының соңына таман елімізде пандемиядан микро бизнестің көбірек зардап шегіп жатқаны жайлы ақпарат жиі жариялана бастады. Республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығының директоры Дмитрий Казанцев халықтың төлем қабілетінің төмендеуі себепті еліміздегі микро бизнестің үштен бірі жабылуы мүмкін екенін хабарлаған еді.
«ТЖ кезінде адамдар көп қарызданады, оларда қазір жұмсайтын да ақша жоқ. Ал сатып алу қабілеті төмендесе онда біз – жұмыстан шығару, штатты қысқарту, бизнестің жабылуы сияқты жағымсыз жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Біздің есеп бойынша, бизнесті қазір қолдамаса жақын арадағы 3-4 айда кіші және шағын бизнестің 30 пайызы жабылып қалуы ықтимал» деген еді эксперт.
14 сәуір күні болған шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің кезектен тыс отырысында салық консультанттары палатасының вице-президенті Андрей Хорунжий де аренда төлемінің 50 пайызын субсидиялау жайлы ұсыныс білдірген. Бизнес өкілдерінің осындай ұсыныстары мемлекеттің микро бизнеске де көңіл бөлуіне себеп болған сияқты.