Жеке табыс салығының прогрессив шкаласын енгізу туралы ұсыныс жасалды. Бүгінде жан-жақты қарастырылып жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, әркім тапқан табысына қарай салық төлеуі тиіс деседі. Мұндай жүйе 2007 жылға дейін қолданыста болған. Бірақ кейін бәріне бірдей салық салатын болды. Бұл жолы жүйеде нені ескеру керек? Түгел құрылым қайта қаралуы тиіс пе? Мамандардың пікірін білдік.
«Көлеңкедегі» ақшаның әлегі
Прогрессив шкала енгізіліп, табысқа сай төленетін болса, «конвертпен» беру азаяды-мыс. Әзірге нақты қалай, қашан енгізілетіні шешілген жоқ. Президент алдымен зерттеп, қарастыруды тапсырды. Қазір қанша айлық алсаңыз да, 10 пайызын төлеуге міндеттісіз. Ал ұсынылып отырған жүйеде көп тапқан сайын көбірек салық салынады, аз табатындар тіпті мүлдем төлемеуі де мүмкін.
Айтқандай, 2007 жылы Қазақстан прогрессив шкаладан бас тартқан еді. Бір қызығы, ол кезде алып тастаған себебі — қазіргі енгізгісі келіп отырған себеп. Яғни көлеңкелі экономикамен күресу үшін жасалған. Бастапқы жылдары салықты басқару қиындау еді. Сондықтан оңайы бәріне бірдей мөлшерлеме енгізу болған. Ал қазір банктер digital технологиялар енгізіп, картамен төлеу, жалақыны картаға аудару белең алды. Электрон төлемдердің инфрақұрылымы да тиімді екеніне көз жетті. Көпшілік ақшаның қолма-қол емес, картаға түскенін өздігімен сұрайтын болды. Өйткені несие алу үшін тұрақты табыс болуы шарт.
GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, прогрессив шкала енгізу ең әділ жүйе болғанымен, дәл қазір енгізуге әлі ерте.
«Прогрессив салық жүйесі бізде бұрын болған. Әлем бойынша бұл жүйе ең әділ есептеу әдісі деп есептеледі. Яғни аз айлық алатындардан — аз, көп алатындардан көп салық алынуы керек. Табысың артса, демек салығың да артады. Мұның әділ жүйе екеніне дау жоқ. Бұл жердегі мәселе — қашан енгізетінінде. Негізі нарық заңдары толық орындала бастаған мемлекет осы жүйемен жүреді. Дамушы елдерге енгізу оңай емес. Сондықтан алғаш рет қолға алған кезде сәтсіздікке ұшырады. Қазір нарықтық экономика толығымен қалыптасты деу қиын. Сол себепті меніңше, прогрессив салық жүйесін енгізуге әлі ерте дер едім. Ал енді екінші жағынан, бүгінде табыс декларациясынан жариялау қолға алынып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда декларация өткізіліп болған соң, мемлекеттің қолында кімнің қанша табыс табатыны туралы нақты мәлімет болады. Яғни қанша азамат 100 мың теңгеге дейін, қаншасы 300 мың теңгедей табатыны анықталады. Мұндай ақпаратты білген соң, мемлекет салықтың бұл түрін енгізе алады деп есептеймін. Міне, сондықтан дәл қазір асығып қажет емес»,– дейді ол.
Экономист Меруерт Махмутованың сөзіне сүйенсек, прогрессив шкала енгізгеннен гөрі Forbes тізіміне енген біздегі миллиардерлердің табысынан 30 пайыз салық ұстау қажет.
«Дағдарыс кезінде экономиканы тұрақтандырудың екі жолы бар: бірі — салықты төмендету, екіншісі — мемлекеттік шығысты ұлғайту. Осыны ескерсек, дәл қазіргі жағдайда прогрессив шкаланы қолдану орынсыз деп санаймын. Әлеуметтік әділдік орнату үшін алдымен мемлекеттік шығыстың қайда кетіп жатқанын тексеру керек. Мысалы былтыр «Цеснабанк» жойылып, орнына Jysan Bank келді. Сөйтіп оған 2034 жылға дейін 0,1 пайызбен қаржы бөлінді. Міне, осы сияқты әділетсіз шешімдердің қабылданғаннан кейін Үкімет тарапынан азаматтарға прогрессив шкаланың ұсынылуы дұрыс емес. Ал енді қайтсе әділ болады? Меніңше, Forbes тізіміне енген біздегі миллиардерлердің табысынан 30 пайыз салық ұстау қажет. Солай қылса әділ болады деп есептеймін».
Прогрессив шкала бойынша салық төлеудің бүгін-ертең енгізілетіні туралы нақты ақпарат болған жоқ. Яғни қазіргі таңда қарастырылып жатыр. Экономист Расул Рысмамбетов осындай пікір білдіріп отыр.
«Салық мөлшерлемесіне қатысты нақты енгізіп-енгізбейтіні туралы айту қиын. Өйткені президент міндетті түрде енгізу керек демеді. Оның айтқанынан түсінгенім — алдымен осы мәселені жан-жақты зерттеу қажет деген. Осыған дейін мұндай ұсыныстар айтылған кезде экономикалық ахуал басқаша еді. Ал қазір мұнай бағасы түсіп, пандемияның салдарынан экономикаға залал келген кезде бірден енгізі салмай, алдымен қарастыруға тапсырма бергені жөн болды» дейді сарапшы.
Өзге елдердегі салық жүйесі қандай?
Біршама Еуропа елдерінде прогрессив шкала бойынша төлеу жүйесі қолданылады. Мысалы Францияда 5,5 пайыз бен 49 пайыз арасында жеті түрлі салық мөлшерлемесі белгіленген. Теңгемен есептегенде жылдық табысы 228 миллионнан асатындар ең жоғарғы мөлшерлемемен төлейді. Ал бір жылда 2,7 миллион теңгеге дейін табатындар салықтан босатылған. Сингапурдағы жүйе мынадай: егер алатын айлығыңыз елдегі орташа жалақы мөлшерінің 40 пайызына жетпесе, жеке табыс салығы сізден алынбайды. Мәселен бізде орташа айлық 200 мың теңге болса, сіз 80 мың теңгеден аз алсаңыз, салық ұсталмайды деген сөз.
Түгел құрылымды қайта қараған дұрыс па?
2007 жылы бұл жүйеден бас тартқаннан бастап тартыс әлі жүріп келе жатыр. Президент алғашқы жолдауында, 2019 жылы салық жүйесін жаңартып, барынша әділ ету керегі туралы айтқан. Одан кейін биыл қаңтарда Ұлттық экономика министрлігі бір нұсқа ұсынған. Бірақ оны енгізбес бұрын азаматтардың табыс декларациясын өткізетіндерін жеткізген еді. Ол кездегі нұсқа былай еді: 60 мың теңгеден аз алатындардан салық ұстамайды, 300 мың теңгеден жоғары алатындардың 20 пайыз ұстайды. Алғашында мұны естігенде көпшілік наразы болды. Сөйтіп осы нұсқа енгізіліп кетер ме деген қорқынышын білдіргендер аз болған жоқ. Десе де 12 мамыр күнгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Мади Тәкиев нақты мөлшерлеме әлі белгісіз екенін айтты.
«Осы мәселеге қатысты Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс тобы құрылып жатыр. Барлығы ашық түрде талқыға салынады. Жұмыстың басталғаны енді ғана. Сондықтан әлі анықталған ештеңе жоқ» деді вице-министр.
Мөлшерлемені ғана емес, түгел құрылымды қайта қарау керек деген пікірді экономистердің көпшілігі қолдап отыр.
«Салықта мөлшерлеме ғана емес, оның қалай жинақталатыны, айыппұл санкциялары қандай екені маңызды. Бірақ бірінші кезекте салық төлеушіге түсінікті болуы шарт. Яғни салық нормалары ірі компанияларға болсын, ШОБ сияқты кішігірім кәсіпорындарға да жатық тілде жеткізілуі тиіс. Меніңше, біздің салық кодексіне осы нәрсе жетіспейді. Сондықтан жеке табыс салығын қарастырғанда салық заңнамасын түгел қайта қарап шыққан жөн» дейді Расул Рысмамбетов.
Прогрессив шкала былай қарағанда әділ болғанымен, кері әсер беруі де мүмкін. Өйткені елімізде жұмысқа қабілетті азаматтардың жартысы — бейресми табыс табатындар. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметтеріне сүйенсек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің 4,4 миллион қатысушысы бар. Бірақ ресми түрде жұмыспен қамтылғандар — 8,8 миллион адам. Ай сайын зейнетақы аударымдарын жасайтындар саны тіпті 2,5 миллион ғана.
Мақсат Халықтың айтуынша, мемлекет кірісін арттыру үшін салық мөлшерлемесін көбейтетін болса, керісінше көлеңкелі экономиканың үлесі артады.
«Экономикада Лаффер заңы деген бар. Егер мемлекеттің кірісін арттыру үшін салықтың мөлшерлемесін көтеріп жіберсе, соның салдарынан көлеңкелі экономикаға жол беріледі. Өйткені ауыртпалық көп түссе, салықтан қашатындар көбейеді. Сөйтіп керісінше кіріс азайып қалады. Негізі түгел құрылымды қайта қараған жөн. Әрине, Қазақстанда кәсіпкерлерге жеңілдетілген салық жүйелері қарастырылған. Бұл — жақсы жағы. Тіпті озық елдер ішінде оңтайлы шешім тауып отырған жайымыз бар. Мысалы бізде қосылған құн салығы төмен. Жеңілдетілген салық бойынша айтсақ, 30 мың АЕК-тен, жылына 70 миллион теңгеден аспағанша 3 пайыз ғана төлейді. Өнеркәсіп, өндіріс саласына бағытталған кәсіп үшін қарастырылған жеңілдіктер қуантады. Дегенмен салық жүйесінде өзгерістер болып тұруы керек»,- дейді ол.