Алматыда 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қалалық мәслихаттың депутаттарымен қаладағы эпидемиологиялық жағдайды, карантин кезеңінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаланың қалыпты тіршілігі мен Exit Strategy экономикасының кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің телеграм каналы.
Сондай-ақ кәсіпорын қызметін кезең-кезеңімен қайта жаңғыртуға ерекше тоқталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, 20 сәуірден бастап санитарлық қауіпсіздікті сақтау аудитінен кейін жұмыспен қамтылғандар саны 540 мың адамға жетті. Соның ішінде 200 мыңға жуығы облыстың тұрғындары еді. Ал 25 мамырдан тағы 84,2 мың адам жұмысқа шығады.
Сондай-ақ Б. Сағынтаев шағын және орта бизнесті қолдау басым міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті. Бұл шешімді жүзеге асыру арқылы Алматының елдің қаржы және іскерлік орталығы ретінде қалыптасуына толық негіз бола алатынын ерекше атап өтті.
Әкімдік ұйытқы болған негізгі бағдарлама Almaty Business-2025 болып табылады. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап республикада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жалғыз Qoldaý кәсіпкерлік орталығы қызмет көрсете бастады. Индустриалды аймақтың жұмысы жанданып, шағын өнеркәсіптік парктер құрылуда.
Аталған жобалар аясында «Еңбек»,«Қарапайым заттар экономикасы», «Даму» КДҚ арқылы жобаларды қолдау шеңберінде кәсіпкерлік саласында 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.