Ай сайын 66 275 теңге. 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар білуі тиіс бағдарламамен таныс болыңыз

Жарияланды
Жұмыссыз жүрген жастарға жұмыс тауып береді

Елімізде жұмыссыз азаматтарды қолдау бойынша бірнеше тиімді бағдарламалар бар. Соның бірі – жастар практикасы. Бұл жобаның игілігін 29 жасқа дейінгі азаматтар көре алады.

    Бағдарламаның басты міндеті – жұмыссыз жүрген жастарға өз мамандығы бойынша жұмыс тауып беру. Яғни, техникалық және кәсіптік, орта білім, жоғары оқу орны білімінен кейін жұмыс таба алмай жүрген жастарды қолдайды. Бұл бағдарламаға қатысқысы келетін үміткердің жасы 29-дан аспауы керек. 

    Бағдарлама ұзақтығы – 6 ай. Осы уақыт ішінде қатысуға 25 АЕК (66 275 теңге) көлемінде жалақы төленеді. Жұмыспен қамту орталықтары жастар практикасына қатысу үшін мынадай құжаттар талап етеді:  

1.    Өтініш. 
2.    Жеке басын куәландыратын құжат. 
3.    Еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса). 
4.    Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін растайтын құжаттың көшірмесі.⠀

Ал Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің сайтында елордалық жастар үшін арнайы хабарландыру берілген. Онда берілетін жалақы көлемі 73 мың теңгеден асатыны көрсетілген. 

    «Қоғамдық жұмыстар – жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыратын, алдын-ала кәсіби дайындықты талап етпейтін еңбек түрі. Ұзақтығы – 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Жалақы көлемі – 73 484 теңге. Жұмысқа орналасу үшін 57-89-35, 8-775-654-07-90 телефондарына хабарласу керек» делінген хабарламада. 

    Бос жұмыс орындары Алматыда да баршылық. Қазір қала бойынша 26 мың вакантты орын белгіленген. Оның тең жартысын «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының қатысушылары иеленбек. 

    «Жол картасы аясында Алматы бойынша 220 жоба жүзеге асырылады. Оның 70-тен астамы жұмысты бастап кетті. 6000-нан астам жоба құрылып, 800-ден астам адам жұмысқа орналасты. Олар негізінен құрылыс мамандықтары: арматурашы, бетоншы, монтаждаушылар» дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Ауталиф. 

Аталған орталық басшысы Диляра Иманқұлованың айтуынша, биыл жастар практикасы аясында 1618 адамды жұмыспен қамту көзделген. Қазірдің өзінде 142 адам еңбекке араласып үлгеріпті. 
 

Сондай-ақ оқыңыз