Курсанттар әскери автокөліктерді жүргізуге көшті

Жарияланды
Ауыр жүк көліктерді тізгіндеу оңай емес

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының үшінші курс курсанттары оқу аудиторияларын автодромға алмастырып, жүк көліктерін тізгіндеуді меңгеруде. Бұл туралы РЭжБӘИИ баспасөз қызметі хабарлады. 

 
«Ірі көлемдегі ауыр жүк көліктерін тізгіндеу оңай емес. Оған қоса тәжірибелік сабақтар үшін күрделі жағдайлар жасалды: «габаритті тоннель», «габаритті «сегіздік», «тұйық эстакада», «габаритті аула», «жасыру», «ирелең жол», «шектеулі қисық», «платформа» секілді әртүрлі кедергілер қойылған. Соның нәтижесінде курсанттар әскери автомобиль техникасын жүргізу бойынша өз дағдыларын жетілдіреді», – деді жалпыәскери пәндер кафедрасының оқытушысы подполковник Талғат Анефияев.  

Автомобильдердің қозғалыс бағыты бойында жол белгілері орнатылып, теміржол өткелі жабдықталды. Қозғалыс барысында түрлі жол жағдайлары орын алады: жолда күтпеген кедергілердің пайда болуы, автомобильдің алдыңғы әйнегіне су шашу сияқты және т.б. 

Оған қоса курсанттар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін жетілдіріп, дөңгелекті машиналарды практикалық жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу әдістемесін үйренеді. 

Курсанттардың айтуынша, сырт көзге мұндай техниканы жүргізу оңай көрінгенімен, оның өз ерекшеліктері мен қиындықтары жетерлік. Ауыр көлікті жүргізуші ғана оның габаритін, бұрылу радиусын ескеру керектігін басты назарда ұстайды.   

Курсанттардың осы сабақтарда алған білімі, шеберлігі мен дағдылары келешекте әскери автомобиль техникасы қару-жарақ пен әскери техниканы монтаждау және материалдық құралдар мен жеке құрамды тасымалдау үшін қажет. 
 

Сондай-ақ оқыңыз