Сарапшылардың зерттеуі мұнай саласындағы қазіргі дағдарыстың қаншалықты терең және ұзаққа созылатыны беймәлім болып тұрғанына қарамастан, түбегейлі өзгеріссіз мұнай-газ саласында ұзақ жылдар қалыптасқан көрсеткішке қайта қол жеткізу қиын болатынын байқатады.
McKinsey консалтинг компаниясы өзінің сараптамалық мақаласында мұнай-ғаз саласы қазіргі қалыптасқан жағдай және жылдамдықтың арқасында қарқынды бәсеке, сұраныстың тұрақты төмендеуі, инвесторлардың скептицизмі, қоршаған ортаға әсер етуі тұрғысына қоам мен үкімет тарапынан жасалатын қысымның үдеуімен айқындалатын дәуірге аяқ басады деп тұжырымдайды.
Десе де, мұнай мен газ саласының қолжетімді энергияны қамтамасыз етудегі рөлін ескерсек, ол ондаған жылдар бойы миллиондағана айналымы бар нарық болып қала береді.
Өткеннен алған сабақ
1980 жылдардағы дағдарыстан кейін, мұнай саласы тек акционерлік құнды қалыптастырды. 1990-2005 жылдар аралығында акционерлердің, тек қайта өңдеу мен маркетингтен өзге салалардағы жиынтық табысы S&P 500 индексінің көрсеткішінен асып отырды. Мұнай мен газға деген сұраныс арта түсті, ал компаниялар болса шығынын бұрынғы деңгейде ұстап тұрды. Өзінен ұсақтау компанияны жұту арқылы құрылған ірі компаниялар өз құндылықтарын ондаған жылдар бойы қалыптастырды.
2005-2020 жылдар аралығындағы кезеңде саланың табыс құрылымы қолайлы, жайлы болды. Мұнайға деген сұраныс әр жыл сайын 1 пайызға артып отырса, сұйытылған табиғи газға деген сұраныс жылына 3-5 пайызға өсті. Сұранысты қанағаттандыруға қажетті өнімді өндірудің өзіндік құны жоғары болуына байланысты нарықтағы клиринг баға да өсті. Саладағы пайызы төмен капиталдың арқасында қалыптасқан жайлы құрылымнан шабыт алған компаниялар бірталай қаржыны мұнай өндіруге салды. Мұнай алу қиын және қымбатқа түсетін кен орындарынан баррельдерді мейлінше көбірек өндіру жолындағы жарыс шығынның әсіресе жобалау мен құрылыс бағытында күрт өсуіне әкеп соқты.
Инвестицияның елеулі бөлігі сланцты мұнай мен газға салынды, алайда оның бірқатар ауыр салдары болды. Ол өз кезегінде өндіруші өнеркәсіптің құрылымын өзгертті. Өзіндік құны орташа сланцты мұнай, мұнайлы құм мен көміртекті газ сынды өндіруі қымбатқа түсетін өнімдерді ығыстырып тастады. 2016 жылы ОПЕК мұнай мен табиғи газ өндірісін күніне 5,2 млн баррельге қысқартқанымен, осы кезеңде сланцты мұнай өндірісі 7,7 млн баррелге артты.
2009-2010 және 2014-2016 жылдар аралығында мұнай өнеркәсібіне қаржы молынан бөлінді. Көптеген инвесторлар қарыз алса да, өндірілетін мұнай көлемін арттыруға басымдық берді. Олар қолдағы бар капиталға емес, мұнай бағасының одан ары қымбаттай беретініне сенді. Ал 2020 жылы COVID-19 салдарынан сұраныстың төмендеуі мен ұсыныстың шектен тыс көптігі саланы үлкен дағдарысқа әкеп соқты.
Енді өте жағымды болжам жүзеге асады деген күннің өзінде, дағдарысқа дейінгі баға – барреліне $50-ден $60-ға дейін тек 2021 немесе 2022 жылы қалпына келуі мүмкін. Жағдай аса жағымсыз сценарий бойынша дамитын болса, бұндай бағаға тек 2024 жылдан кейін ғана қол жетеді. Қалай болғанда да, мұнай саласының жағдайы бірнеше жыл аса мәз болмайын деп тұр.
Ал мұнай өнімдеріне деген сұраныс ең аз дегенде 20 пайызға төмендеді, ол өз кезегінде өңдеу саласын дағдарысқа ұшыратты. Жанармайға деген сұраныс қайта қалпына келгенше 2 жылдай уақыт өтеді, ал әуе отынының болашағы тіптен бұлыңғыр.
McKinsey сарапшылары көмірсутекке, әсіресе мұнайға деген сұраныс 2030 жылдары шарықтау шегіне жетіп, одан кейін құлдырай бастайды деп тұжырымдайды.
Дағдарыс катализатор ретінде
Мұнай барлау және өндіру сегментінде компаниялар бірігуі ықтимал. Нарықта тек ірі компаниялар мен жағдайға бейімделгіш, нағыз епті ұсақ компаниялар қалады.
Шығыны көп немесе ЕЫЭДҰ құрамына кірмейтін, өсім көрсетіп отырған нарықтан жырақта орналасқан мұнай өңдеу зауыттары жабылады. Десе де 1980 және 1990 жылдардағыдай, ел үкіметтері тиімсіз активтерді қолдау үшін бұл жағдайға араласуы да мүмкін.
Мұнай химиясы саласы инвестиция салуға қолайлы сала болып қала бермек, әсіресе біріктірілген мұнай өңдеу және мұнай химия қондырғыларының кешеніне назар аударылады.
Газ – өндірісі жылдан-жылға артып келе жатқан отын, ол көмірден қайта қалпына келтірілетін энергия көздеріне көшу үшін қажет. Газға деген әлемдік сұраныс 2030 жылы шарықтау шегіне жетеді, жылыту үшін электр көзін пайдалану мен қайта қалпына келетін энергия көздерінің дамуы сұраныстың төмендеуіне алып келуі мүмкін. Алдағы уақытта газ да мұнайдың кебін киеді дейді сарапшылар.
Ал ұлттық мұнай компаниялары үкіметтің әлеуметтік қажеті және мемлекеттік бюджетке бөлетін қаражаты мол салымшы болғандықтан, қосымша қысымға ұшырауы мүмкін. Нарықта өз үлесіңді сақтап қалу мен салалық жабдықтау тәртібі арасынан таңдау жасау қиындай түседі. Қолында шығыны аз ресурсы жоқ компаниялар үшін түбегейлі өзгеріс ең маңызды қажеттілікке айналады. Мәселен, олар жекешелендірілуі немесе халықаралық компаниялармен ынтымақтастығын қайта қарауы мүмкін,
Жалпы мұнай-газ саласындағы көптеген компаниялар үшін даму стратегиясына, тіпті бизнес-үлгіге өзгеріс енгізу міндетті шарт болмақ. Нарық тенденциясын негізге ала отырып, капиталды қайта бөлу, қоданыстағы операциялық үлгілерді ауыстыру – жалпыға ортақ талап.
Компаниялар барлық активтер базасына қатысты қатаң және түбегейлі таңдау жасап, капиталды кірісі төмен кәсіпорындардан болашақ құндылықтар мен заман талабына сай келетін компанияларға үдемелі түрде бөлуі тиіс. Болашақ энергетикалық технологиясына қол жеткізуді жеделдету үшін бірқатар компаниялар дәл осы сәтті пайдалана алады. Мұның бәрі компанияларға тартымды кіріс бере отырып, капитал нарығына деген сенімді қалпына келтіру қажет болған жағдайда іске асырылмақ.