Жаңалықтар

Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарында

Елімізде 34 млрд тонна көмір қоры бар

Еліміздің көмір өнеркәсібі саласында бірқатар инновациялық жобалар енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрлігінің телеграм каналы хабарлады.

Қазақстанда көмір өнеркәсібінің барлық негізгі сегменті бар, алайда энергетикалық көмірді өндіру мен пайдалану ерекше дамыған. Көмір өнеркәсібі экономиканың ірі салаларының бірі және электр энергиясының шамамен 70% өндірісін, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады. 

Қазақстандағы көмір қоры 34 млрд тоннаны немесе әлемдік қордың 4% шамасында. Еліміз көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарында. Көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында 2019 жылы «Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» әзірленіп, бекітілді. 

Жол картасында саланы дамытудың жүйелі шаралары, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру қарастырылған. Мысалы, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-да арнайы кокс өндіру бойынша зауыт салу, «Богатырь», «Богатырь Көмір» ЖШС көмірді ұсақтау, тасымалдау, орташалау және тиеудің циклдық-ағымдық технологиясына көшу сынды бастамалар қарастырылған.