Көбіне руханият, мәдениет саласында өз қызметін ұсынатын ивент-индустрия өкілдері мен консалтингтік компаниялар карантин басталғалы табысынан қағылған. Қазір осы салалардың жұмысы тоқтап тұр. Пандемияның қаржылық соққысы бірінші бізге тиді деген олар бизнес құлап, нарықтан кетпес үшін мемлекеттен көмек сұрап отыр.
Қазақстандық қоғамдық пікір мен нарықты зерттеушілер кәсіби қауымдастығының президенті Наталья Оспанова жоғарыдағы салалар 90 пайыз табыстан айырылғанын айтады.
«Еліміздегі сенімді кәсіби зерттеу консалтингтік ұйымдар Қазақстанның интеллектуалдық деңгейінің ажырамас бөлігі. Алайда олар қазір қиын жағдайда тұр. Карантин кезінде эксперттерден сауалнама алып, дағдарыс кезінде қай салалардың проблемасы тереңдеп кеткенін білуге тырыстық. PR, зерттеу, ивент, жарнама салалары қиын дағдарыс жағдайына түскен. Біздің қалыпқа келуіміз өте ұзаққа созылады»,- дейді ол.
Сәуле Самидин елдегі бүкіл шаралардың басы-қасында жүрсек те бізді индустрия деп мойындамайды, сол себепті тиісті көмек берілмей отыр деп есептейді.
«Іс-шаралардың тоқтауы агенттіктерді, әртістерді, концерт, форум өткізушілерді несібесінен айырды. Келісімшарттар күші жойылып, шаралар кейінге қалдырылды. Қазір толықтай белгісіздік жағдайындамыз. Соған қарамастан ұлттық экономика министрлігі біздің саланы ешқандай реестрге тіркемеген. Ал осы салада республика бойынша қаншама ЖШС мен жеке кәсіпкерлер бар. 175 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ресми заңды тұлғалардан бөлек, әнші, биші, фотограф, флорист, сценарист, композитор, басқа қаншама адам бар. Біздің индустрия соңғы 15 жылда жақсы дамыды. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отырғанына қарамастан бұған экономистердің де көзі түскен емес. Кіші компаниялар нарықтан кетсе, үлкендері қалу үшін жанталасып жатыр. Бірақ біз үшін не жеңілдік, не субсидия, не несиелеу қаралмағаны себепті, бізде енді жаппай қысқарту мен жабылу болады»,- дейді Sun Events ЖШС директоры.
Олар 57 компанияға анкета жүргізген.
• 20 пайызы жабылады;
• 40 пайызы жалақыны қысқартады немесе жұмыстан босатады;
• 70 пайызы карантиндегі 2 айда 3 млн теңгеден кем емес көлемдегі табыстан қағылған.
«Мен біздің индустрияның өкілдерін бірігуге шақырамын. Үкіметке ұсыныс жолдаймыз. Пандемияға дейін біз қауымдастық құрып, оның құрамына нарықтағы ірі 30 ойыншы енді. Олар – гастрольмен айналысушы, прокаттаушы, бизнес-форум, конференция ұйымдастырушы, продюсерлік орталық, декоратор-компания, жарнама-өндірістік фирмалар»,- дейді Сәуле Самидин.
Бизнес өкілдерінің айтуынша, бұл сала тек 2022 жылға таман қалпына келе бастауы мүмкін.
«Бұл бізге өте қиын тиеді. Саламыздағы орташа жалақы 200 мың теңге. Бір адам төлейтін жалпы салық сомасы айына 40-50 мың теңге шамасында. Қазір біздің алдымызда диллема тұр: Ол – салық төлеу және жұмысты қысқарту немесе жалақы төлеп, жұмыс орындарын сақтау. Егер мемлекет жеңілдік жасаса онда ай сайын алып отырған 40 мың теңге салықты ала алмайды. Бірақ біздің қызметкеріміз жұмысын сақтап қалады, яғни, оған жұмыссыз ретінде жәрдемақы төлеу қажеті жоқ»,- дейді «CMC Kazakhstan» менеджмент бойынша қазақстандық консультанттар палатасының басқарма төрағасы Гүлсім Ақтамбердиева.
Осылай деген кәсіпкерлер мемлекеттен мынадай көмек сұрайды.
«Біз мемлекет алдындағы барлық міндеттерді орындап, салық төлеп, бизнес жүргізіп отырмыз. Қандай кәсіп түрін жүргізетініне қарамастан қазір қазақстандық бизнестің барлығына мемлекеттік қолдау керек. Экономиканың барлық саласы бір-бірімен байланысты. Олар жұмыс орындарын сақтап қалу үшін өте маңызды рөл атқарады. Алайда олардың көбі жұмыс орындарын қысқарту немесе жабылу қарсаңында тұр. Себебі, карантинге байланысты олар өз кәсіптерін жүргізе алмай отыр. Біздің бизнесімізді жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан босату, қосымша құн салығы мен ұжымдық құн салығын төмендету және салық төлемін 2021 жылдың 31 шілдесіне дейін шегеру туралы өтініш айтып үкіметке хат жолдадық. Осылайша, біздің саламыз өз қалпына қайта келуі үшін бір жыл уақыт сұраймыз. Иә, біздің сала ірі бизнеске жатпайды, бірақ салық жеңілдігі барша бизнеске бірдей жасалуы керек деп санаймыз»,- дейді Қоғаммен байланыс бойынша Ұлттық қауымдастық кеңесінің төрағасы Әсел Қарауылова.