Футболдан Қазақстан чемпионатының қашан қайтадан жалғасатыны белгілі болды. Сенімді дерек көздерінің мәліметінше, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ел чемпионатының 3-турын 6 және 7 маусым күндері ойнатуды жоспарлап отыр.
Мәдениет және спорт министрлігі мен еліміздің бас санитар дәрігерінен ресми рұқсат алынғаннан кейін маусымды жалғастыратын уақыт нақты және ресми түрде белгіленбек. Ойындар көрерменсіз өткізіледі.
Чемпионат қайта жалғасқанымен Қазақстан кубогы жарысы тоқтатылуы мүмкін. Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, егер премьер-лига 20 маусым немесе 1 шілдеден бастап жалғасқан жағдайда кубок ойындарын өткізуден бас тартпақ. Былтыр ел кубогын «Қайсар» клубы еншілеп, Еуропа лигасына қатысу мүмкіндігін жеңіп алған еді. Осылайша, қызылордалық клуб өз тарихында алғаш рет осы мәртебелі кубокқа қол жеткізді. Талдықорғанның «Жетісу» клубының қақпашысы Алмат Бекбаевтың ойынша, чемпионат мейлінше ертерек басталуы тиіс.
«Ойындар 10 маусымда басталады және коронавирустың екінші толқыны болмайды деп үміттенемін. Чемпионатты екі айналымға дейін қысқарту – дұрыс шешім. Қазірдің өзінде қаншама уақыт жоғалттық. Қараша айына дейін жоспарланған кездесулерді ойнап үлгере алмас едік. Өз үйімізде ойнай аламыз. Шөп өсті, газон өте ыңғайлы. Әрине, көрерменсіз ойнау өте қиын. Бірақ вирустың таралу ауқымына байланысты бұл өте қолайлы шешім. Үш ай бойы футбол ойнамадық. Сондықтан көрерменсіз де алаңға шығуға асығып отырмыз» депті қақпашы.
«Қайрат» клубының бас бапкері Алексей Шпилевский де үлкен футболдың тезірек оралуын күтіп жүрмін дейді. Мұндай ақпаратты клубтың баспасөз қызметі таратты.
«Германияға үлкен футбол оралғанына қуаныштымын. Бізде де тезірек басталғанын күтіп жүрмін. Жанкүйерлер футболды қатты сағынды. Сенбі күні чемпионатты Германияда 6 миллионға жуық адам тамашалаған. Өзге елдерден де миллиондаған адам қараған. Бүкіл әлем жанкүйерлері футбол ләззатын сезінуге асығып жүр» дейді бас бапкер.
УЕФА президенті Александер Чеферин еуропалық чемпионаттардың қашан жалғасатынын және Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының да тағдыры жайлы пікір білдіріпті.
«Футбол лигаларының 80 пайызы маусымды ойнап аяқтайды. Әркім өз ыңғайына қарай таңдау жасайды. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ойналмаған матчтарына байланысты УЕФА атқарушы комитетінің шешімін күту керек. Комитет ол ойындардың уақытын нақтылайды. Бірақ жағдай осы күйінде қала беретін болса онда еурокубок маусымы тамыз айында тәмам болуы мүмкін» дейді Еуропа футболының басшысы.
Еске салсақ, Қазақстан чемпионаты 29 ақпанда басталған. Алайда коронавирус пандемиясының кең етек жаюына байланысты 16 наурызда тоқтатылды. Оған дейін командалар 2 тур өткізіп үлгерді. Әзірге «Астана» 7 ұпаймен көш бастаса, «Қайрат» пен «Қайсар» 6 ұпай жиып, 2 және 3-орындарды өзара бөліскен. Жалпы, премьер-лигада 12 команда бақ сынасады. Қазірдің өзінде бірнеше отандық клуб жаттығу жұмыстарына қайта кіріскен.