Жаңалықтар

Павлодар облысының бұрынғы әкіміне қатысты сот үкімі шықты

Болат Бақауовтың бас бостандығы 3,5 жылға шектелді

Бүгін Павлодар қалалық №2 сотында Павлодар облысы экс-әкімінің ісі видео конференция режимінде қаралып, айыпталушы үй қамағынан босатылды. 

Өткен жылы Болат Бақауовтың туысы басшылық ететін «Aksu Trans Logistik» компаниясында жүргізілген тексеріс нәтижесінде кәсіпорынның 2014-2018 жылдар аралығында 200 млн теңгеден аса салық төлемегені анықталған. Болат Бақауов тексеріс нәтижесіне ықпал етпек болып, жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне өтелмеген салық көлемін 3-5 млн теңгеге дейін төмендетіп көрсетуді талап еткен. 

«Бақауовтың заңсыз әрекеттері жергілікті және республикалық бюджетке аударылуы тиіс ірі көлемдегі салықтың түсуіне, сонымен қатар құзырлы органның дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексі 361-бабы 4-бөлімі 3 пунктінде қарастырылған («Лауазымдық қызметтерін асыра пайдалану») қылмыстық құқықбұзушылықты жасады», – деді прокурор Елена Белова. 

Бұрынғы облыс әкімінің өз кінәсін толық мойындауы, кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуы және қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде келтірілген залалдың ерікті түрде өтеуі оның жауапкершілігін жеңілдетті.

«Сот 3 жыл 6 ай көлемінде бас бостандығын шектеу, жазасын өтеу кезеңінің барлық мерзімінде пробациялық бақылау, жылына 100 сағат қоғамдық жұмыстарды тарту жазасын тағайындау әділ деп санайды. Үй қамағынан босатылсын», – деді №2 қалалық соттың төрағасы Нұрлан Қайырбеков. 

Сондай-ақ, өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету мүмкіндігінен айырылды. 

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 15 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Болат Бақауовты тұтқындап, бір айдан соң экс-экім үй қамағына босатылған еді.