Жаңалықтар

Әскери қызметшілер 5 қаланы залалсыздандырды

Індет күн сайын өршіп барады

Қазақстанда Қарулы Күштердің әскери қызметшілері залалсыздандыру жұмыстарын қайта бастады. Еліміздің 5 қаласы – Алматы, Талдықорған, Семей, Атырау және Ақтау қалалары бірінші болып көшелер мен қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстарын қолға алды,-деп хабарлайды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының баспасөз қызметі.  

Алматыда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілерінен құралған арнайы бөлімшелер коронавирус инфекциясының алдын алу үшін қала көшелері мен қоғамдық орындарды залалсыздандыру бойынша жұмыстарын қайта жандандырды. 
«Келісілген жоспарға сәйкес бүгін №1 қалалық емхана мен бірнеше шипажайлар залалсыздандырылды. Оған 60-тан астам әскери қызметшілер мен 10 әскери техникасы тартылған. Карантин шараларының босаңсуына байланысты адам қарасы өте көп, сондықтан залалсыздандыру жұмыстары өте тиянақты жүргізілуде», – деп атап өтті РЭжБӘИИ штабының радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау, экологиялық қауіпсіздік және айналадағы кеңістік күзет қызметінің бастығы подполковник Бақытжан Темірбаев.
Залалсыздандыру үшін натрий гипохлориті қолданылуда, оның хлорға тән иісі бар. Гипохлорит залалсыздандыруда қолдану концентратына орай адамдар мен жануарларға улы және қауіпті емес.
Қаладағы залалсыздандыру жұмыстарына Алматы гарнизоны бойынша барлығы 150-ге жуық әскери қызметшілер тартылған. Бүгінгі күні арнайы бөлімшелер Алматы қаласының 20 нысанында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді.
Жалпы төтенше жағдай режимі кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметшілері Қазақстанның 29 қаласында жалпы ауданы 50 миллион шаршы метрден асатын 10,5 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар нысандарға және ұзындығы 4000 шақырымға жуық жол учаскелеріне дезинфекция жүргізді.Бұл Қазақстан армиясының мүмкіндіктерінің шегі емес.