Әлемдік экономика рецессиядан жылдам шығып, елімізде қайтадан карантин жарияланбаған күннің өзінде, Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейіне 2021 жылдың ІІ жарты жылдығында ғана жетуі мүмкін. Бұл туралы Интерфакс-Қазақстан агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова мәлімдеді.
«Мұнай бағасы әлемдік экономикадағы рецессияның қаншалықты терең және ұзақ созыларына, одан шығу жылдамдығына, сондай-ақ пандемияға қарамастан жалғасып жатқан сауда соғысының әсеріне тәуелді. Осы ретте Қазақстанның жағдайы да әлемдік ЖІӨ мен сауда-саттық қаншалықты тез қалпына келетініне тікелей байланысты», – деп түсіндіреді Бахмутова.
Қаржыгерлер қауымдастығы төрағасының ойынша, әлемдік экономика жылдам қалпына келеді деп үміттенудің қажеті жоқ.
«Дегенмен сарапшылардың басым көпшілігі мұнайға деген сұраныс тұрақтанып, Brent маркалы мұнай бағасы жыл соңына қарай барреліне 30-33 доллар деңгейінде қалыптасады деп болжап отыр. Ал 2021 жылға жасалған болжам біршама жоғары – барреліне $46-50 дейін жетуі мүмкін. Осы болжамдарды негізге ала отырып, Қазақстанның жалпы ішкі өнім көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейіне 2021 жылдың екінші жарты жылдығында ғана жетуі мүмкін деп болжам жасауға болады. Бұл– әлемдік рецессиядан тез шығып, елде жаңа карантин жарияланбаса ғана жүзеге асатын ең оптимистік болжам»,– дейді Бахмутова ханым.
Қазақстанның ЖІӨ-сі қаңтар-сәуір айларында 0,2 пайызға төмендеген. Бұған дейін ел үкіметі 2020 жылы ЖІӨ өсімін 4,1 пайыз емес, 3,2 пайыз болуы мүмкін деп мәлімдеген. Ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан ЖІӨ-сінің өсімі 4,5 пайызды құраған.